Құрғаған ұлтан мен тұзды шаң: ғалымдар Каспийдің болашағына болжам жасады
Каспий теңізінің деңгейі 2054 жылға дейін төмендей береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұндай болжамды Германия мен Нидерландтың ғылыми мекемелері жасаған. Бұл деректермен біздің редакциямен Save The Caspian Sea атты азаматтық қозғалыстың тең құрылтайшысы және "Глобус" экологиялық-құқықтық бастама орталығының жетекшісі Галина Чернова бөлісті. Оның айтуынша, шетелдік мамандар теңіз деңгейінің төмендеу жылдамдығы мен уақытын есептеп шығарған.
Каспийдің солтүстігі мен солтүстік-шығысы толығымен құрғап қалады, теңіз Баку жағындағы Апшерон түбегінің және Маңғыстау облысы жағындағы Бозащы түбегінің деңгейіне дейін шегінеді. Қалғаны құрғаған теңіз түбі болады. Ол жерден тұзды шаң көтеріліп, желдің бағытына байланысты үлкен аумақтарға таралады, – дейді Галина Чернова.
Егер экологиялық жағдайды бүгіннен бастап түземесек, мұның бәрі шындыққа айналады. Қазіргі таңда Қазақстанда Каспий апталығы өтіп жатыр. Бұл апта аясындағы түрлі шаралар халыққа су айдынының мәселелерін тағы да еске салуға бағытталған. Солардың бірі – Каспий және Арал теңіздерінің экологиялық мәселелеріне арналған үш қазақстандық фильмнің елордада көрсетілуі.
Кеңестік ғалымдардың өзі кезінде Каспийдің регрессиясы мен трансгрессиясы, яғни теңіздің шегініп, қайта оралуы туралы жазған. Бұл цикл әдетте шамамен жүз жылда бір қайталанатын. Алайда қазір климат өзгеріп кетті. Көлдер мен теңіздердің бетінен булану көбейген, ал бұл буланған су жауын түрінде қайта оралмайды.
Регрессия циклі 1977 жылдан басталды. Алғашында теңіз деңгейі жылына 2-6 сантиметрге төмендеді. Егер жағалау шегіну тұрғысынан қарасақ, бұл – 1-2 шақырым. Қазір Каспий жыл сайын 12-20 сантиметрге төмендеп жатыр. Жағалау бойынша шегіну 18 шақырымға дейін жетті, – дейді Чернова.
Бұдан бөлек, оның айтуынша, Еділ өзені бұрынғыдай су әкеле алмай отыр. Бұрын ол Каспийге түсетін судың 85%-ын беретін. Ал қазір оның ағымына ГЭС-тер, су торабы мен су қоймалары кедергі келтіріп жатыр. Ал Жайық өзенінің үштен бірі тартылып кеткен. Бұл – бұрыннан белгілі техногендік жүктемемен байланысты.
Жерасты мұнайлы қабаттарынан көп мөлшерде ресурс алынып жатыр, ал орны толтырылмайды. Бұл қабаттардың ішкі шөгуіне әкеледі. Ал теңіз түбі шөккенде, су деңгейі де төмендейді, – деді спикер.
Каспийдің тартылуын әзірге тоқтатуға болады. Галина Чернованың пікірінше, ең болмағанда Ресейде жаңа су тораптары мен қоймаларды салуды тоқтату керек.
Башқұртстанда тағы үш су торабы салынбақ. Ал Жайық өзені сол жерден бастау алады. Адамдар судың енді ресурс не құқық емес, сауда затына айналғанын жақсы түсінеді. Ал шын мәнінде, су – барлық заңнамада, соның ішінде БҰҰ заңнамасында бекітілген адам құқығы. Бірақ енді бұл – алтынға пара-пар жаңа құндылық, – деп түйіндеді сарапшы.