Бүгiн 2026, 09:46 Фото: видеодан скриншот

Құрдастарын қысымға алған: ШҚО-да колледж студенті бірнеше бопсалау дерегі бойынша ұсталды

Шығыс Қазақстанда жасөспірімге «Бопсалау» және «Заңсыз бас бостандығынан айыру» айыптары тағылды.

ШҚО-да студент бірнеше бопсалау дерегі бойынша күдікке ілінді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өңірдегі колледждердің бірінде орын алған бірқатар бопсалау фактілерінің жолын кесті. Қылмыстық әрекетке ауданның 17 жастағы тұрғыны күдікті деп танылды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендерге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен бір миллион теңгені құрады.

Сотқа дейінгі тергеу материалдарына сәйкес, оқиғалардың бірінде күдікті мен жәбірленуші арасында сөзге келіспеушілік туындаған. Осы сәтте күдікті психологиялық қысым көрсету арқылы жәбірленушіден 160 мың теңгеден астам қаражат талап еткен.

Осындай әдіспен басқа да студенттер қымбат смартфондарынан және ақшалай қаражаттарынан айырылған. Жастар бұл ақшаны достарынан қарызға алған немесе микрокредит ретінде ресімдеген.

Сонымен қатар, күдіктіге өз құрдастарын заңсыз бас бостандығынан айырды деген айып тағылып отыр.

Қазіргі уақытта сот шешімімен кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты «үйқамақ» бұлтартпау шарасы таңдалды. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы «Бопсалау» және 126-бабы «Заңсыз бас бостандығынан айыру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі.