Қызылордалықтар ел амандығы үшін құрбандық шалуда
Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысының жер-жерінде тұрғындар елдің амандығы үшін құрбандық шалып, дұға тілеп жатыр.
Алғашқылардың бірі болып ҚМДБ-ның Сыр өңіріндегі өкілдігі "Айтбай" мешітінде құрбан шалып, құран бағыштады.
Елде төтенше жағдай. Осындайда бірлігімізді көрсетуіміз керек. Ел амандығы, жұрттың тыныштығы үшін құрбандық шалдық. Имамдар болып әлемді дүрліктірген қауіпті жұқпалы COVID-2019 індеті елімізге жоламасын, шығынға ұшырамай аман-сау өтейік деген ниетпен Алла Тағаладан дұға-тілек тіледік. Сондай-ақ коронавирустың алдын алуға байланысты Діни басқарма пәтуа шығарды. Соған сәйкес өңірдегі мешіттерде жұма намазы мен бес уақыт намаз жамағатпен оқуды уақытша тоқтаттық, – дейді Қызылорда облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы.
Бас имамның айтуынша, имамдар елді ынтымаққа, төтенше жағдайда тәртіп сақтауға, қайырымдылық жасауға үгіттеп, қызмет етіп жатыр.
Сонымен бірге, "Айтбай" мешітінде "Зекет" қайырымдылық қоры қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Игі шарада тұрмысы төмен отбасыларға бір айға жететін азық-түлік салынған дорба үлестірді.
Ал Сырдария ауданы Тереңөзек кентінің көшелерінің бірінде тұрғындар тасаттық берді.
Кент тұрғыны Ақтөре Ибрагимұлының айтуынша, тасаттық – діни рәсім. Тасаттықта құрбандық шалып, сауабын әруақтарға бағыштап, құран оқып, Алла Тағаладан адамзатқа игілік тілеп, ниет етіледі.
Коронавирус ауруының өршуіне байланысты бүгін Достық көшесінің тұрғындары тасаттық бердік. Рақымжан қажы аят оқып, әлемді алаңдатқан дерттің бетін әрі қылсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп бата берді. Лайым, Қазақ елі аман болып, бірлігіміз бекем, тірлігіміз көркем болғай! Ауырмайық, ауырсақ, тәуір болып кетейік, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Айта кетейік, Сыр өңірінде коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ.