+19

Құрбан айт қарсаңында ет қаншаға қымбаттады

Қазақстанда Құрбан айт мерекесі қарсаңында ет қымбаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Energyprom.kz деректеріне сәйкес, 2025 жылдың сәуір айында ет пен ет өнімдерінің бағасы бір айда орта есеппен 1,4%-ға, ал бір жылда 9,1%-ға өскен.

Әсіресе Құрбан айт алдында жоғары сұранысқа ие қой еті мен сиыр еті айтарлықтай қымбаттаған. Бір ай ішінде қой еті 3,3%-ға, сиыр еті 2,2%-ға, жылқы еті 1,5%-ға, ал шошқа еті 0,7%-ға өскен. Ал құс еті сәл арзандаған.

Жылдық есеп бойынша сиыр еті 13,2%-ға, қой еті 11,1%-ға және шұжық 7,2%-ға қымбаттаған.

Өңірлер бойынша бағаның ең жоғары өсімі Батыс Қазақстан облысында (бір айда 2,9%), Жамбыл облысында (2,6%) және Шымкентте (2,1%) тіркелді. Ақмола облысында баға өзгеріссіз қалған. Ал жылдық есепте ет ең көп қымбаттаған өңір Ұлытау облысы (14,9%) болып отыр.

2025 жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша, сиыр етінің орташа бөлшек бағасы – 3 000 теңге, қой еті – 3 100 теңге, жылқы еті – 3 200 теңге, шошқа еті – 2 300 теңге, құс еті – 1 500 теңге болды.

1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 9,4 миллион ірі қара, 23,1 миллион қой және 4,8 миллион жылқы бар.

Еске салайық, осыған дейін мүфтият алаяқтардан сақ болуға шақырды. 

Биыл Құрбан айттың бірінші күні 6 маусымға, жұма күніне сәйкес келеді. Осыған байланысты қазақстандықтар үш күн қатарынан демалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы