Құрбан айт: Онлайн құрбандық, мал бағасы және қоғамдағы өзгеріс
Биыл Құрбан айт қарсаңында мал бағасы, онлайн құрбандық сервистері мен әлеуметтік жауапкершілік мәселесі қайтадан қоғам назарын аударды.
Бүгін мұсылман қауымы Құрбан айт мерекесін қарсы алуда. Биыл мереке қарсаңында мал бағасының өсуі, онлайн құрбандық сервистерінің көбеюі және әлеуметтік жауапкершілік мәселесі қайтадан қоғам назарын аударды. Сарапшылар Құрбан айттың бүгінде тек рухани мереке ғана емес, әлеуметтік әрі экономикалық құбылысқа айналып бара жатқанын айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрбан айт – мұсылман қауымы үшін ең ұлық мерекелердің бірі. Бұл күннің мәні тек мал союмен шектелмейді. Ол – адамның ниетін, жомарттығын, мұқтажға жанашырлығын, қоғамдағы бірлік пен мейірімді көрсететін кезең.
Биыл Қазақстанда Құрбан айт 27 мамырда басталып, 29 мамырға дейін жалғасады. Құрбан шалу рәсімі айт намазынан кейін басталып, үшінші күннің күн батуына дейін орындалады. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өңірлерде арнайы орындарды белгілеп, онлайн құрбандық қабылдайтын платформаны іске қосты.
Құрбан шалуға кім міндетті?
ҚМДБ түсіндірмесіне сүйенсек, құрбандық шалу – жағдайы жеткен мұсылманға уәжіп амал. Яғни бұл рәсім әркімге бірдей міндет емес. Ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, тұрғылықты жерде жүрген және негізгі қажеттерінен артылған дүниесі нисап мөлшеріне жеткен адам құрбан шала алады. Ал жолаушыға, уақытша қоныстанған адамға, қажылықтағы кісіге және тұрмысы төмен жанға құрбандық міндеттелмейді.
Демек, Құрбан айтта басты өлшем – адамның шамасы мен ниеті. Дін мамандары да бұл мерекені әлеуметтік жарысқа айналдырмау керегін жиі ескертеді. Құрбандық шалу – елге көрсету үшін жасалатын амал емес, Алланың разылығы үшін орындалатын құлшылық.
Бас мүфти бағаны негізсіз көтермеуге шақырды
Құрбан айт қарсаңында мал бағасының өсуі жыл сайын байқалатын құбылысқа айналды. Биыл да сұраныс артқан сайын базардағы бағаға қатысты сұрақ көбейді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астана қаласындағы мал базарларын аралап, дайындық барысымен танысты. Ол сатушылар мен шаруаларға халыққа сапалы әрі адал қызмет көрсетудің маңызын айтып, қасиетті мереке күндері бағаны негізсіз көтермеуге, әділдік пен шариғат қағидаларын ұстануға үндеді.
Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз, - деді бас мүфти.
Бұл үндеу кездейсоқ айтылған жоқ. Өйткені Құрбан айт жақындаған сайын кей өңірлерде мал бағасы бірден өсіп кетеді. Бір жағынан, бұл – нарықтағы сұраныстың артуымен байланысты. Екінші жағынан, мерекелік маусымды пайдаланып, бағаны шектен тыс көтеру қоғамда жиі сыналады.
Қой бағасы қай өңірде қымбат?
Биылғы «Онлайн Құрбан айт» жобасы аясындағы деректерге қарағанда, құрбандыққа шалынатын мал бағасы өңірлер бойынша айтарлықтай ерекшеленеді. Қой бағасы ел бойынша 100 мың теңгеден басталып, кей аймақтарда 150 мың теңгеге дейін жеткен.
Ең қымбат қой Атырау, Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласында тіркелген – 150 мың теңге шамасында. Астана мен Алматыны қоса алғанда, көптеген өңірде қой бағасы 120–125 мың теңге деңгейінде. Ал Абай, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында ең қолжетімді баға – 100 мың теңге шамасында көрсетілген.
Ешкі бағасы да өңірге қарай әртүрлі. Павлодар облысында 55 мың теңгеден басталса, Қызылорда облысында 100 мың теңгеге дейін барады. Ал Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласында онлайн құрбандық үшін ешкі қарастырылмаған.
Ірі қара бойынша айырмашылық одан да жоғары. Маңғыстау облысында ірі қара құны 945 мың теңгеге жеткен. Ақмола, Қарағанды облыстары мен Астанада баға 875 мың теңге шамасында. Ал Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан және Ұлытау облыстарында ірі қара 630 мың теңге деңгейінде көрсетілген. Түйе шалу қызметі барлық өңірде жоқ. Ол Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында ғана қолжетімді, бағасы – 1 млн 120 мың теңге.
Құрбан айт экономикасы: баға, онлайн сервис және әлеуметтік қысым
Құрбан айт қарсаңында мал бағасының өсуі жыл сайын қайталанатын құбылысқа айналды. Биыл да сұраныс артқан сайын базардағы бағаға қатысты сұрақ көбейді. Экономист Бауыржан Ысқақов мұны ең алдымен маусымдық сұраныспен байланыстырады. Оның айтуынша, мереке кезінде мыңдаған отбасы бірнеше күннің ішінде құрбандық шалуға тырысатындықтан, нарықтағы қысым бірден күшейеді. Сарапшы қазіргі жағдайда бағаға тек сұраныс қана емес, жем-шөп құнының өсуі, жанармай бағасы, мал тасымалы мен күтіміне кететін шығындар да әсер етіп отырғанын айтады. Оның сөзінше, әсіресе ірі қалаларға мал жеткізу шығыны соңғы бағаның қымбаттауына тікелей ықпал етеді.
Қазір нарықта эмоционалды әрі діни сұраныс өте жоғары қалыптасады. Адамдар мереке кезінде бағаға қарамай мал алуға тырысады. Осындай жағдайда сатушылар да бағаны көтеруге бейім болады. Сонымен қатар биылғы инфляция, жем-шөп құнының өсуі, былтырғы құрғақшылықтан кейінгі мал азығына қатысты қиындықтар және логистика шығындары бағаның көтерілуіне қатты әсер етіп отыр, – дейді экономист.
Соңғы жылдары Қазақстанда онлайн құрбандық шалу кең тарала бастады. Биыл да ҚМДБ qurban.muftyat.kz платформасы арқылы тапсырыс қабылдап жатыр. Діни басқарма мәліметінше, азаматтар осы сайт арқылы құрбан шалуға өтініш бере алады, ал мұқтаж жандар құрбандық етін алуға өтінім қалдырады.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, онлайн сервистердің көбеюі нарықтағы ашықтықты арттыруға әсер етіп отыр. Оның айтуынша, адамдар қазір қашықтан мал таңдап, төлем жасап, құрбандық рәсімін ұйымдастыра алады. Сарапшы мұндай платформалар әсіресе қала тұрғындары үшін ыңғайлы екенін және артық делдалдарды азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Онлайн құрбандық сервистері тек ыңғайлы құрал ғана емес, экономикалық айналымға да әсер етеді. Өйткені мұндай платформалар арқылы ақша айналымы көбейеді, төлем жүйелері, логистика және қызмет көрсету саласы қатар жанданады. Қазір Құрбан айт тек діни рәсіммен шектелмей, үлкен маусымдық нарыққа айналып бара жатқанын көруге болады, – дейді Бауыржан Ысқақов.
Соңғы жылдары Құрбан айтқа қатысты тағы бір мәселе жиі айтылады. Ол – әлеуметтік желідегі көрсетілім мен адамдар арасындағы салыстыру. Бірі құрбандыққа шалған малын жарияласа, енді бірі үлкен дастарханын көрсетеді. Мұндай көріністер кей отбасыларға психологиялық қысым да тудыруы мүмкін.
Экономист Бауыржан Ысқақов қазіргі экономикалық жағдайда құрбандық шалу кей отбасы үшін қаржылық ауыртпалыққа айналып бара жатқанын айтады. Оның сөзінше, халық табысының өсу қарқыны инфляциямен сәйкес келмегендіктен, сатып алу қабілеті әлсіреп отыр. Сарапшы бұрын оңай алынатын малдың бүгінде көптеген отбасы үшін қымбаттап кеткенін жеткізді.
Қазір нарықта төлем қабілетсіздігі факторы күшейіп келеді. Сондықтан бірнеше адамның бірігіп ірі қара алуы немесе онлайн қайырымдылық форматтарына жүгінуі жиілей бастады. Бір жағынан Құрбан айт ауылдағы мал өсірушілер үшін табыс көзі болса, екінші жағынан қала тұрғындары үшін қосымша шығынға айналып отыр, – дейді экономист.
Құрбан айттың мәні тек мал шалуда емес
Дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы да соңғы жылдары қоғамда құрбандық мәселесіне қатысты артық бәсеке мен әлеуметтік қысым байқалатынын айтады. Оның пікірінше, адамдар шамасынан тыс шығынға бармауы керек.
Имам әсіресе несие алып немесе қарызға батып құрбан шалуға асықпау қажет екенін ескертті. Оның айтуынша, исламда адамның жағдайы мен мүмкіндігі ескеріледі. Сондықтан қаржылық қиындық көріп отырған отбасының өзіне ауыртпалық түсіруі дұрыс емес.
Сонымен қатар дінтанушы Құрбан айт тек мал союмен шектелмейтінін атап өтті. Ол бұл күндері адамдардың бауырмалдық танытып, кешірім жасап, мұқтажға қамқор болып, тазалық пен тәртіпке мән беруі де үлкен сауап екенін айтты.
Онсыз да қарыз болып жүрген отбасылар қарыздың үстіне қарыз жамамаса екен. Құрбандықтан бөлек те үлкен сауапты амалдар көп. Адамдардың бір-біріне жанашыр болуы, кешірім жасауы, қамқорлық танытуы, тәртіп пен тазалыққа мән беруі – мұның бәрі де сауапты іс, – дейді Нұрлан Байжігітұлы.
Нұрлан Байжігітұлының сөзінше, құрбандыққа тек төрт түлік мал шалынады. Яғни қой, ешкі, сиыр және түйе ғана құрбандыққа жарайды. Ал құс түрлерін шалу шариғатта қарастырылмаған.
Сондай-ақ имам құрбандық етін үлестіру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, адам етті толық таратып берсе де, өзіне қалдырса да немесе қонақ күтуге пайдаланса да болады. Дегенмен етті үшке бөліп – бір бөлігін өзіне, бір бөлігін туыстар мен көршілерге, тағы бір бөлігін мұқтаж жандарға тарату ең абзал амалдардың бірі саналады.
Айттың қадірі малдың бағасында емес
Биылғы Құрбан айт бірнеше маңызды үрдісті қатар көрсетіп отыр.
Біріншіден, құрбандық рәсімі бұрынғыдай тек дәстүрлі форматпен шектелмей, онлайн жүйеге де бейімделді.
Екіншіден, мал бағасының өңірлер бойынша қатты құбылуы халықтың әлеуметтік жағдайына әсер ететін факторға айналды.
Үшіншіден, дін мамандары мерекенің рухани мәнін жоғалтпау қажеттігін жиі айтып отыр.
Құрбан айттың қадірі сойылған малдың бағасында да, оның көлемінде де емес. Бұл мерекенің басты өлшемі – ниет, мейірім, жауапкершілік және мұқтаж жанға көрсетілген көмек. Сондықтан Құрбан айт қоғам үшін тек діни рәсім емес, адамдар арасындағы жанашырлық пен әділдіктің таразыға түсетін уақыты десек болады.