Құқық қорғау саласы: форма емес, миссия
Құқық қорғау органдарындағы қызмет тек форма киіп, шен тағумен шектелмейді. Бұл – әрбір қабылданған шешім мен адам тағдыры үшін үлкен жауапкершілік.
Айнұр Олжабаева құқық қорғау органдарына өз қалауымен келді. Қызмет жолын құжаттармен жұмыс істеуден бастап, сотта тәжірибеден өтіп, капитан шеніне дейін көтерілді. Бұл сұхбатта ол тәртіп, жүйедегі қызмет және жауапкершілік туралы әңгімелейді.
– Айнұр Нұрланқызы, неге өміріңізді құқық қорғау органдарымен байланыстыруды шештіңіз?
– Бәрі бала кезден басталды. Мен үшін әділдік сезімі әрдайым маңызды болды. Біреуге қиянат жасалғанда немесе ережелер бұзылып, оған ешкім жауап бермегенде, үнсіз өтіп кете алмайтын балалардың қатарынан едім. Заңдардың не үшін қажет екенін, мемлекеттік жүйенің қалай жұмыс істейтінін және қоғамдағы тәртіптің қалай қамтамасыз етілетінін түсінгім келетін. Бұдан бөлек мен адамдарға көмектескенді жақсы көретінмін. Осы салада болсам, адамдарға заң аясында көмек қолын соза аламын деген сенім болды.
Сонымен қатар отбасының да ықпалы болды. Әкем осы салада қызмет атқарды. Сондықтан мен қызмет туралы әдемі сөздердің артында қаншалықты үлкен еңбек жатқанын бала кезімнен көріп өстім. Бұл – үздіксіз жауапкершілік, тәртіп және күрделі жағдайларда шешім қабылдай білу қабілеті. Сол себепті менде бұл мамандыққа қатысты оның шынайы қырын түсініп, осы жолды саналы түрде таңдадым.
– Заң саласындағы білімді қай университеттен алдыңыз, яғни қайда оқыдыңыз?
– Мен Қазақ гуманитарлық-заң университетін тәмамдадым. Оқу барысында өзімнің дұрыс бағыт таңдағаныма толық көзім жетті. Заңгерлік білім – тек заңдарды жаттау емес. Көпшілік заңгерге кодекстерді білу жеткілікті деп ойлайды. Шын мәнінде құқық адамды жүйелі ойлауға, фактілерді талдауға, себеп-салдарлық байланыстарды көруге және кез келген шешімнің адамдар мен қоғамға қалай әсер ететінін түсінуге үйретеді.
Маған әсіресе қылмыстық және әкімшілік-құқық, сот тәжірибесіне қатысты бағыт ұнайтын. Бір заң нормасының әртүрлі өмірлік жағдайда қалай қолданылатынын бақылау өте қызық.
– Сіз жұмыс істеуді студент кезіңізде бастадыңыз ба?
– Иә, және бұл өмірімдегі ең дұрыс шешімдердің бірі болды деп есептеймін. Теория негіз береді, бірақ нағыз мамандық тәжірибемен басталады.
Алғашында жұмыспен қамту орталығы арқылы әскери комиссариатқа жұмысқа орналастым. Бір қарағанда құжаттармен жұмыс бірсарынды көрінуі мүмкін. Бірақ дәл сол жерде мен дәлдіктің қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Құжаттағы бір ғана қателік күрделі салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіндім. Сөйтіп тиянақты болуды меңгердім.
Кәсіби қалыптасуымдағы маңызды кезеңдердің бірі – қалалық соттағы студенттік тәжірибе болды. Сот тәжірибесі маған ерекше құнды тәжірибе беріп, таңдаған мамандығыма басқа қырынан қарауға мүмкіндік жасады.
Студент алғаш рет сот отырысы өтетін залға кірген кезде құқық жай ғана заң баптарының жиынтығы болудан қалады. Ол адамдардың тағдырына әсер ететін, күрделі өмірлік мәселелерді шешуге көмектесетін тірі механизм ретінде көрінеді. Әрбір істің артында адамдардың тағдыры, уайымы, қақтығыстары, қателіктері, кейде тіпті үлкен қайғылары тұрады.
Бұл тәжірибе маған заңгер мамандығының жауапкершілігін тереңірек түсінуге көмектесті. Әрбір сот шешімінің артында тек құқықтық нормалар ғана емес, адамдардың тағдыры тұрғанын ұқтым. Дәл сол кезде таңдаған жолымның маңыздылығына толық көз жеткізіп, кәсіби дамуға деген қызығушылығым одан әрі артты.
– Заң саласында сізді не көбірек қызықтырды?
– Мені әрдайым шешім қабылдау процесінің өзі қызықтыратын. Дәлелдемелер қалай жиналады, іс бойынша мән-жайлар қалай талданады, заң нақты жағдайда қалай қолданылады деген сұрақтар қызықты.
Тәжірибелі заңгерлердің, тергеушілердің және судьялардың жұмысын бақылағанды ұнатамын. Бұл мамандықта заңды білу ғана жеткіліксіз. Ұсақ-түйекке мән бере білу де өте маңызды. Кейде істің нәтижесі көпшілік назар аудармайтын бір ғана мән-жайға байланысты болады.
Сонымен қатар құқық саласы үнемі дамып отырады. Заңнама өзгереді, жаңа қоғамдық қатынастар мен жаңа сын-қатерлер пайда болады. Сондықтан бұл салада дамуды тоқтату мүмкін емес. Нағыз маман өмір бойы оқып, үйренуді жалғастырады.
– Мұндай жұмыста тәртіптің маңызы да зор ғой?
– Мен тәртіпті бүкіл жүйенің негізі деп айтар едім. Онсыз құқық қорғау органдарында да, жоғары жауапкершілікті талап ететін кез келген салада да тиімді жұмыс істеу мүмкін емес.
Біздің жұмыс мерзімдерге, құжаттарға және процессуалдық әрекеттерге тікелей байланысты. «Ертең жасаймын» деп кейінге қалдыруға болмайды.
Бірақ тәртіп тек құжаттарға қатысты емес. Бұл – адамның ішкі ұйымдасқандығы. Шаршаған кезде де, көңіл-күй болмаған кезде де, жағдай қолайсыз болған кезде де өз міндетіңді орындай білу. Қызмет барысында тағы бір маңызды нәрсені түсіндім: кәсібилік дәл осы тәртіптен басталады.
– Әйел адамға құқық қорғау жүйесінде жұмыс істеу қиын ба?
– Бұл жынысына қарамастан кез келген адам үшін оңай мамандық емес. Дегенмен әйелдердің өз ерекшеліктері мен өз сынақтары бар. Ең бастысы – мұнда ешкім әйел болғаның үшін жеңілдік жасамайды. Талап бәріне бірдей. Сенен де дәл сондай нәтиже, дәл сондай жауапкершілік және күрделі жағдайда жұмыс істеуге дайындық күтіледі.
Қалыптан тыс жұмыс кестесі – қызметтің ажырамас бөлігі. Кешкі уақытыңды отбасыңмен өткізуді жоспарлауың мүмкін, бірақ кенеттен шұғыл шақырту түседі немесе жаңа тапсырма пайда болады. Сол кезде барлық жоспар өзгеруге мәжбүр болады. Кейде жұмыс күні кеш аяқталса, кейде түнге дейін жалғасады.
Сонымен қатар әйел адам көбіне кәсіби қызмет пен отбасылық міндеттерді қатар алып жүреді. Бұл үлкен өзін-өзі ұйымдастыруды және ішкі төзімділікті талап етеді.
– Құқық қорғау органдарында жұмыс істегісі келетін адамға қандай қасиеттер қажет?
– Ең алдымен – жауапкершілік. Бұл қасиетті біліммен де, тәжірибемен де алмастыру мүмкін емес. Екіншіден – стресс, яғни күйзеліске төзімділік. Үшіншіден – адалдық. Оның үстіне бұл тек басқа адамдарға қатысты адалдық емес, өзіңе де адалдық. Өз іс-әрекетіңе объектив баға беріп, оның салдары үшін жауапкершілік ала білу өте маңызды.
Сонымен қатар мұқият болу, аналитикалық ойлау қабілеті және бастаған істі соңына дейін жеткізе білу қажет. Құқық қорғау жүйесінде «осылай да бола береді» деген қағидамен жұмыс істеуге болмайды. Кез келген немқұрайлылық немесе олқылық ерте ме, кеш пе өз салдарын көрсетеді.
– Капитан болудың ерекшелігі қандай?
– Кез келген шен – атқарған еңбегің мен кәсіби жолыңның белгілі бір бағасы. Әрбір жоғарылау – жылдар бойғы қызметтің, орындалған міндеттердің, басшылық пен әріптестердің сенімінің нәтижесі. Көпшілік үшін табыс лауазыммен, шенмен немесе мансаптық жетістіктермен өлшенеді. Ал мен үшін шынайы табыс – жұмыс, отбасы және ішкі бақыт сезімі арасындағы үйлесім. Бұл – өз құндылықтарыңа сай өмір сүру, шабыт беретін іспен айналысу және өзің үшін ең қымбат адамдардың жанында болу мүмкіндігі. Сондықтан мен осы жолды таңдадым. Бүгінде бұл шешіміме бір сәт те өкінбегенімді сеніммен айта аламын.
– Құқық қорғау органдарында жұмыс істеуді армандайтын жас қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен өзіңізге шынайы түрде бір сұрақ қойыңыз: «Мен бұл мамандықты не үшін таңдап отырмын?». Егер себеп тек әдемі форма, мәртебе немесе фильмдерден қалыптасқан түсінік болса, онда қателесесіз. Өйткені бұл қызмет үлкен төзімділікті және жоғары жауапкершілікті талап етеді.
Ал егер сіз үшін заң, әділдік, тәртіп және қоғамға қызмет ету ұғымдары маңызды болса, егер көп оқып, өзіңізбен үнемі жұмыс істеуге дайын болсаңыз, онда бұл өте лайықты кәсіби таңдау бола алады.
Ең бастысы – бұл мамандықты өз қалауыңызбен таңдау. Біреудің шешімімен емес, өз жүрегіңіздің қалауымен келу керек. Сонда ең қиын кезеңдердің өзі кедергі ретінде емес, үлкен кәсіби жолдың ажырамас бөлігі ретінде қабылданады.
– Әңгімеңізге рақмет!