ЖОО-ларда "құпия сатып алушы" әдісімен жұмыстар атқарылуда – БҒМ есірткі притоны туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР білім және ғылым министрінің кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан Facebook-тегі парақшасында Шымкент қаласында табылған есірткі притонына қатысты тағы да қосымша ақпарат берді.

Айта кетейік, Ерболат Мұхамеджан аталған факті бойынша бұл жекеменшік жоғары оқу орны және оқу орнында мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылмағанын айтып, түсініктеме берген болатын.

"Қосымша көптеген сұрақтар туындауына байланысты. Қазіргі уақытта осы фактіге байланысты тексеріс жүргізілуде. Білім беру мәселесінде ЖОО-ның меншік нысаны маңызды емес, ең бастысы – бұл оқу орны және бұндай жағдайға мүлдем жол беруге болмайды. Аталмыш ЖОО-ның жекеменшік екенін және онда мемлекеттік тапсырыс болмағанын әлеуметтік желілерде осы мекеменің Шымкент қаласының ең үлкен мемлекеттік ЖОО деген жаңсақ пікір таралуына орай нақтылаған болатынмын", - деп түсіндірді білім және ғылым министрінің кеңесшісі Facebook-тегі парақшасында.  

Ерболат Мұхамеджан Білім және ғылым саласындағы бақылау жөніндегі комитет осы ЖОО-ға тексеріс жүргізіп, нәтижесі міндетті түрде хабарланатынын атап өтті. 

Сондай-ақ, оның айтуынша, жалпы қазіргі кезде БҒМ тарапынан, меншік нысанына қарамастан, ЖОО қойылатын талаптарды күшейту шаралары қабылдануда. 

"БҒМ сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсесінің (бұдан әрі - Кеңсе) жұмысын атап айтқым келеді. Қазір Кеңсе, емтихандар жүріп жатқанын ескере отырып, ЖОО мен колледждерде "құпия сатып алушы" әдісімен жұмыстар атқаруда. Соның ішінде жазғы семестрлер мен т.б. қалай өткізілетіні тексерілуде", - деп хабарлады министрдің кеңесшісі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы