Құны 180 млн теңгеден асатын 20 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды
Жер қатынастары саласындағы талдау жер учаскелерін конкурстан тыс заңсыз беруден, оларды ұзақ уақыт пайдаланбаудан, сондай-ақ олар үшін меншік құқығын сатып алуды төлемеуден көрінетін өрескел бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мысалы, Есіл, Уәлиханов, Шал ақын, Тимирязев аудандары мен Петропавл қаласының жер пайдаланушыларымен Жер кодексінің 92-бабын бұза отырып, 65 жер учаскесі жалпы ауданы 8,5 мың га ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған.
Осыған қарамастан жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары бұл жерлерді алып қою үшін тиісті шаралар қолданбаған.
Басқа жағдайда, Айыртау ауданы әкімдігі мен Петропавл қаласы жер қатынастары бөлімдерінің лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің жасалған шарттар бойынша талаптарына қайшы, жер пайдаланушылардан бюджетке меншік және жалға алу құқығын сатып алу үшін сомасы 94 млн теңге берешекті өндіріп алу шараларын қолданбаған, - делінген хабарламада.
Бұл ретте Петропавл қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі Кодекс талаптарын бұза отырып, жеке және заңды тұлғаларға конкурстан тыс 6 жер телімін берген.
Қадағалау органының актілері бойынша 6 лауазымды тұлға, оның ішінде Петропавл қаласының жер қатынастары басқармасының басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, мемлекетке сомасы 44 млн теңгеге келтірілген залал өтелді, жалпы кадастрлық құны 180 млн теңгеден асатын 20 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Қалған жер телімдері бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Жер заңнамасының сақталуы мәселесі облыс прокуратурасының бақылауында.