Құны – 150 млн доллар: Ақтөбеде шыны зауыты салынады
Жаңа кәсіпорын жылына шамамен 256 млн дана шыны ыдыс өндіреді.
Ақтөбе қаласында шыны ыдыс өндіретін зауыт салу жөніндегі инвестициялық келісімге қол қойылды. Жобаның құны 150 млн доллардан асады.
Келісімге Шымкентте өткен KGIR 2026 жаһандық инвестициялық дөңгелек үстелі аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Aktobe Steklo» ЖШС арасында қол қойылды. Іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов қатысты.
Жаңа кәсіпорын жылына шамамен 256 млн дана шыны ыдыс өндіреді. Зауыт заманауи сұрыптау жүйелерімен және қайта өңделген шикізатты пайдаланатын технологиялармен жабдықталады. Өнім ішкі нарыққа жеткізіліп, көршілес елдерге экспортталады.
Жоба аясында құрылыс кезеңінде кемінде 500 жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін шамамен 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар, зауытта шыны өнеркәсібінің халықаралық стандарттарына сай жергілікті мамандарды даярлау жүйесі құрылады.