Құн және қан сөздері бір-бірімен байланысты ма?
«Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметкері, тіл маманы, Марлен Ерланұлы қаржы-экономикалық терминдердің тарихын «Қаржы сөйлейді» айдарымен жазып келеді. Бүгінгі санда құн сөзінің төркінін талдайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құн сөзін қазір біз тек «баға» деген экономикалық мағынада ғана қолданып жүрміз. Экономикалық термин ретінде қосымша құн, айырбас құн, тұтыну құны, кредит кұны, құны түсті, құнды қағаз, құнсыз, құнсыздану, т.б. мысалдарда айтылады. Күнделікті өмірде құны жоқ немесе құны бес тиін деп те жиі айтамыз. Бұлардың бәрі құн терминінің негізгі мағыналары сияқты көрінгенмен, бұлар оның алғашқы мағынасы емес. Құн сөзінің ең алғашқы мағынасы қандай болған екен, соны айтып көрейік.
Құн сөзі бұрын сөзбе-сөз «кісі қаны үшін төлем» дегенді білдірген. Тіпті Қазақ хандығы заманында ердің құны жүз жылқы болатын, яғни ер адамды өлтіріп қойғаны үшін жүз ат төленетін. Сол үшін бұрыннан «Ердің құны – жүз жылқы, ары – мың жылқы» деген сөз қалған.
Құн атауының этимологиясын зерттеушілер монғол тіліндегі «адам» мағынасындағы хүн сөзі деп айтады. Сөйтіп қазақ тіліндегі құн (ердің құны) сөзі «адам» деген ұғымды білдіріп тұр (Б.Ақшалова) деп жазады.
Бізше моңғол тіліндегі хүн ұғымы түркі тілдеріндегі «ел» мағынасындағы күн сөзімен түбірлес. Яғни, біздегі ел-күн қос сөзіндегі күн мен моңғолшадағы хүн бір-бірімен байланысты. Бірақ оның құн сөзіне қатысы жоқ деп ойлаймыз. Онымен қоса бірі жуан, екіншісі жіңішке сөз.
Иран тілінен алынған кірме атауларды зерттеген Н.Оңдасынов парсыша «қан» мағынасындағы хун сөзі қазақ тіліне құн «өлтірілген кісі үшін төленетін төлем» деген мағынада өзгеріп келгенін айтады. Бұл тұжырым шындыққа жанасады.
Бізше құн мен қан екеуі түбі бір сөз. Қан сөзі бұрынғы уақытта иран тіліне кіріп, сосын құн болып өзгеріп бізге қайтып келгенге ұқсайды.
Қорыта келгенде құн сөзінің бірінші әрі көне мағынасы «қан», екінші мағынасы «ер адам құны», үшіншісі әрі ең жаңа семантикасы «баға». Бізде соңғы мағынасы белсенді жұмсалып, бұрынғы мағыналары ұмытылып қалды. Құн сөзінің «қан» семасы көне болса, «ер адамның өлімі үшін құн» деген мағынасы историзм болып кетті.
Айтпақшы баға мен құн екеуі синоним болып көрінгенмен, құн көбінесе орысша айтқанда «стоимость» деген экономикалық мағынасында айтылады. Ал баға жалпы «цена» дегенді білдіреді. Сонда құн – өндірушінің қойған сомасы, ал баға – сатушының көтеріп қойған бағасы.