Бүгiн 2026, 15:47 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Құмды тоқтатқан ғылым: Қытай шөл ортасында жасыл белдеу жасап, Қазақстанмен қандай тәжірибе бөлісіп жатыр?

Қытай бүгінде шөлейттенумен күресте әлемдегі ең белсенді елдердің бірі саналады. BAQ.KZ тілшісі Жібек жолы экономикалық белдеуінің негізгі аймағына ұйымдастырылған пресс-тур барысында Шыңжаңдағы Целе уезінде орналасқан Қытай ғылым академиясының зерттеу базасына барып, құм көшкінін тоқтату, тақыр жерді көгалдандыру және бұл бағыттағы Қазақстанмен бірлескен жобалармен танысты. 

Шөлге қарсы салынған жасыл қалқан

Қытайда шөлейттенумен күрес бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Елде бірнеше ондаған жылдан бері деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру, орман қорын ұлғайту және елді мекендерді құмды дауылдан қорғау бағытында ауқымды мемлекеттік бағдарлама іске асып келеді. Бұл бастамалардың ішіндегі ең белгілісі – «Үш солтүстік өңірдің қорғаныш ормандары бағдарламасы». Оны әлемде көбіне «Қытайдың Ұлы жасыл қабырғасы» деп атайды.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – Гоби мен Такла-Макан сияқты ірі шөлдердің жылжуын тежеу, ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді сақтау және халық тұратын аймақтарды құм басу қаупінен қорғау. Бір қарағанда тіршілікке қолайсыз көрінетін бұл аймақта бүгінде жасыл белдеулер қалыптасып келеді. Шыңжаңда орналасқан Такла-Макан – әлемдегі ең ірі құмды шөлдердің бірі. Оның аумағы 330 мың шаршы шақырымнан асады. Қатты жел, жылжымалы құм және құрғақ климат бұл өңірдегі ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымға үлкен қауіп төндіреді. Осы мәселені шешу үшін Қытайда ғалымдар, инженерлер мен экологтар бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Құмды бекіту, топырақ эрозиясын азайту, шөл шетіне ағаш пен бұта отырғызу – мұнда жүйелі ғылыми жұмысқа айналған.

Ғылыми жоба қалай басталды? 

Целе уезіндегі зерттеу станциясы 1983 жылы құрылған. Климат өте қатал. Жауын-шашын жылына орта есеппен небәрі 35 миллиметр шамасында ғана түседі. Соған қарамастан, ғалымдар осы жерде тұрақты экожүйе қалыптастыра алған.

Бүгінде станция аумағында құрғақ климатқа бейімделген ондаған өсімдік түрі өседі. Солардың ішінде ерекше орын алатыны – жанғақ, яғни түйежантақ. Бұл өсімдіктің тамыры тереңге кетеді, сондықтан құмды топырақты ұстап тұруға және жел эрозиясының алдын алуға көмектеседі.

Ғалымдар бұл өсімдікті құмды бекітудің табиғи құралы ретінде қарастырады. Бір қызығы, бұрын бос жатқан бұл аумақта қазір өсімдіктер ғана емес, жануарлар да кездеседі. Станция маңынан жабайы қабан, шөл кесірткесі, жылан, қоян және түрлі құстарды көруге болады. Бұл – экожүйенің біртіндеп қалпына келе бастағанының белгісі. Целе уезі халық үкіметі жаңалықтар кеңсесінің өкілі Сюй Цзюцунның айтуынша, зерттеу станциясының негізгі жұмысы – шөл аумақтарының өзгерісін бақылау, құм тоқтату технологияларын дамыту және оазистерде тұрақты ауыл шаруашылығы үлгілерін қалыптастыру.

Біздің басты міндетіміз – құмның қозғалысын тоқтату. Егер құм үздіксіз жылжи берсе, адамдар бұл жерде өмір сүре алмайды. Сондықтан қорғаныш орман белдеулері құрылды. Олар елді мекендерді сақтап, тұрғындардың басқа жаққа көшуінің алдын алады, – деді ол.

Табиғатпен күресу емес, оған бейімделу

Қытай ғылым академиясы Шыңжаң экология және география институтының кіші ғылыми қызметкері Чжан Боның сөзінше, бұл жұмыстың мақсаты шөлді толық өзгерту емес.

Бірден айту қажет, біз шөлмен соғысып жатқан жоқпыз. Біздің мақсатымыз – оның адам өміріне тигізетін кері әсерін азайту. Бұл үшін таулар, өзендер, көлдер, ормандар мен шөлдердің өзара байланысын ескеретін кешенді тәсіл қолданылады. Қорғаныш орман белдеулері жасалып, жергілікті климатқа бейім өсімдіктер отырғызылады, – дейді ғалым.

Оның айтуынша, мамандар құрғақ климатта өсімдік отырғызудың жаңа әдістерін үнемі зерттеп келеді. Әсіресе жергілікті табиғатқа бейім, аз ылғалмен өмір сүре алатын және тамыр жүйесі жақсы дамыған өсімдіктерге басымдық беріледі.

Түйежантақ осы бағыттағы негізгі өсімдіктердің бірі саналады. Тамыры тереңге кететіндіктен, ол топырақты бекітіп, құмның желмен көшуін тежейді.

Қазақстан үшін маңызды тәжірибе қандай? 

Қазақстан үшін шөлейттенумен күрес – өте өзекті мәселе. Әсіресе Арал теңізінің тартылуы Орталық Азиядағы ең ірі экологиялық проблемалардың бірі болып отыр. Құрғаған теңіз табанының аумағы миллиондаған гектарға жетті. Оның едәуір бөлігі Қазақстан аумағында орналасқан. Сондықтан Қытайдың құм тоқтату, деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру және шөлге бейім өсімдіктерді өсіру тәжірибесі Қазақстан үшін маңызды. Соңғы 40 жылда Целедегі зерттеу станциясы шетелдік серіктестермен бірлесіп 300-ден астам ғылыми жобаны жүзеге асырған. Қазақстан, Эфиопия және Мавританияда деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру мен құмды бекіту технологияларын сынауға арналған демонстрациялық алаңдар құрылған. Соның бірі – Қытай-Қазақстан қорғаныш орман белдеулерінің демонстрациялық аймағы.

Чжан Боның айтуынша, Қытай мамандары Қазақстанмен бұрыннан бірлесіп жұмыс істеп келеді. Тіпті Астананы көгалдандыру жұмыстарына да ғылыми тұрғыда қолдау көрсетілген.

Қазақстанмен ынтымақтастығымыз бұрыннан бар. Кезінде біз Астанада орман белдеулерін қалыптастыру үшін ағаш өсіруге көмектестік. Ол үшін бірнеше гектар аумақта арнайы тәлімбақ құрылды. Біз Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі климаттық жағдайды зерттеп, қай өсімдік түрі жақсы бейімделетінін анықтаймыз. Бұл бағытта ғалымдарымыз қазақстандық әріптестермен бірлесіп жұмыс істеп жатыр, – дейді ол.