Құмар ойындарын 200 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала ойнады - депутат
Мәжілістегі «АМАNАТ» фракциясының төрағасы Елнұр Бейсембаев Президент қол қойған ойын бизнесі мәселелері туралы жаңа заңға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Елнұр Бейсембаевтың айтуынша, 280 мыңға жуық мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне құмар ойындарын ойнауға шектеу қойылмақ.
Заң нормаларына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындардың кез келген қызметі – букмекерлік кеңселер, казинолар және онлайн казинолар шектелетін болады. Осылайша, жалпы саны 280 мыңға жуық адамды құрайтын әскери қызметкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Заңды бұзған жағдайда оларды жұмыстан босатуға дейінгі қатаң шаралар қолданылатын болады. Кейбір мектеп бұхалтерлері, мемлекеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға кіріп, қарызға батқандықтан, мемлекеттің дүниесін сатып, бәс тігіп жатады. Сондай-ақ заңмен құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі де қарастырылған. Осылайша, медициналық құпияны сақтай отырып, құмар ойындарға тәуелді адамдарға консультативтік бақылау динамикалық тіркеусіз енгізіліп жатыр. Сондай-ақ, AFM дерегінше, бүгінде 200 мыңнан астам кәмелетке толмаған балалар құмар ойындарын ойнайды. Бұл жасөспірімдер энергетикалық сусындарға мас күйінде бәс тігулері мүмкін, - дейді Мәжілістегі «АМАNАТ» фракциясының төрағасы.
Энергетикалық сусындардың бүгінде алкогольдік сусындардан да қауіпті бола бастағанын атап өтті.
Заңның маңызды жаңалықтарының бірі – 21 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу. Осылайша, бұл норма балаларды энергетикалық сусындардың зиянды әсерінен қорғауға мүмкіндік береді. Себебі энергетикалық сусындар бүгінде алкогольдік сусындардан да қауіпті бола бастаған. Тіпті 10 жастан асқан балалар да энергетикалық сусындарды сатып алатын еді. Жаңа заң жобасы бойынша 21 жасқа дейінгі жастарға энергетикалық сусындар сатылмайды. Мұндай жағдайлар орын алса, дүкен иесіне, кәсіпкерге айыппұл салынады. Ол қайталанған жағдайда, айыппұл еселенеді, - дейді Елнұр Бейсембаев.
«АМАNАТ» фракциясының төрағасы көшеде тек классикалық лотереяларды сататын нүктелер қалатынын айтты.
Айта кететін жәйт, заңға сәйкес, электронды лотерея билеттері тек ресми интернет-ресурс немесе лотерея операторының мобильді қосымшасы арқылы сатылады. Осылайша, «Lotomatic» терминалдары мен лото клубтарының қызметіне тыйым салынды. Мұнымен қоса, лотерея билеттерін тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ұйымдарда, білім беру, денсаулық сақтау, діни ғимараттарымен құрылыстарында, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарынан жүз метр радиуста таратуға тыйым салынады. Бұл шаралар көшелерде лотерея өнімдерінің физикалық тұрғыдан болуын бірнеше есеге азайтады. Көшеде тек классикалық лотереяларды сататын нүктелер қалады, - дейді Елнұр Бейсембаев.