Құмар ойын мен мемлекеттік қызмет: Екібастұзда әкімдік қызметкерлері құмар ойынға қатысқан
Лауазымды тұлғалар заңнамалық тыйымға қарамастан букмекерлік кеңселерде белсенді шоттарға ие болған.
Екібастұзда мемлекеттік қызметшілер құмар ойындарға қатысқаны үшін әшкереленді. Қала прокуратурасы әкімдік мемлекеттік қызметшілерінің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілерін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атап айтқанда, лауазымды тұлғалар заңнамалық тыйымға қарамастан букмекерлік кеңселерде белсенді шоттарға ие болған. Мысалы, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісінің жеке шоты бойынша айналым 6,8 млн теңгені құраған.
Ұқсас заң бұзушылықтар ауылдық округ әкімі, Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының орынбасары, сондай-ақ қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің жеті қызметкері тарапынан да анықталды, - деп хабарлады Павлодар облысы прокуратурасы.
Қызметтік тексеру нәтижелері бойынша барлық құқықбұзушылық фактілері жөніндегі материалдар Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесіне жолданды.
Мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормалары мен мінез-құлық қағидаларын сақтауға бақылауды әлсіз жүргізгені үшін қала әкімі аппаратының жауапты басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Еске салсақ, Ақтөбеде математика пәнінің мұғалімі оқушыларының ата-аналарын алдап, ірі көлемде ақша алғаны үшін сотталды. Ол ата-аналардан алған ақшаны онлайн-букмекерлік ставкаларға жұмсаған.