Құлшылықта ұлт жоқ. Рим папасының мессасына қатысушылар жиналып жатыр
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі аясында Рим Папасы Франциск ЭКСПО аалаңында діни месса өткізеді, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Католиктік ғибадат рәсіміне негізінен Орталық Азиядан келген 3 мың қажы қатысады.
Қатысқысы келген адамдар мессаға арнайы билет арқылы кіріп жатыр. Билеттер тегін таратылды.
Діни мессаға келушілер қарасының басы жиналып жатыр. Месса 1-1,5 сағаттан кейін басталады. Медицина қызметкерлері мен тәртіп сақшылары, төтенше жағдай қызметкерлері де осында.
Мессаға келушілердің ішінде Карина Шарапова да бар. Ол бұл жиынға арнайы Қарағанды қаласынан келген.
Мен бұл тарихи іс-шараға әдейілеп келдім. Себебі Рим папасының елімізде месса өткізуі бірегей сәт. Басқа ұлттармен бірге осы сәтті сезінгім келді. Бүгін менімен бірге ата-анам да келді. Бұл менің діни екінші мессаға қатысуым. 2016 жылы Польшаның Краков қаласында Рим папасымен өткен шараға қатыстым. Онда дүниежүзілік Жастар конгресіне қатысқан едім. Соның аясында Рим папасымен кездесу бұйырыпты,- деді Карина Шарапова.
Оның айтуынша, құлшылық жасқа тәуелсіз.
Менің жасым 21-де. Бұл салыстырмалы түрде жас. Құлшылыққа менің ата-анам да келді. Бүгін асқақ арманымды дұғаға қосамын. Бүгін әртүрлі ұлт өкілдері отырғанын көріп отырмын. Құлшылықта жас та ұлт та жоқ деп ойлаймын,- деді ол.
Рим Папасы Францисктің Қазақстанға сапары оның шетелге жасаған 38-ші апостолдық сапары. Ол 2001 жылы Қазақстанға алғаш рет папалық сапармен келген Әулие Иоанн Павел II-нің ізін жалғастырушы.
Айта кетейік, Франциск - 266-шы Рим Папасы. Ол 2013 жылдың 13 наурызында сайланды. Ол 1200 жылдан астам уақыттағы бірінші еуропалық емес понтифик ретінде белгілі. Бірінші иезуит папасы Аргентинада дүниеге келген.