Құлсарының 2 600-ге жуық тұрғыны өтемақы алу туралы келісімге қол қойды
Қазіргі уақытта келтірілген залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия келісім-шарт жасасу үшін 2 592 өтінішті қабылдады, оның ішінде 2 365 тұрғын төлем алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.
Солардың бірі - Құлсары қаласының тұрғыны Алжамай Кенжиева. Оның үйі апатты деп танылған. Өтемақы шотына аударылған соң, дереу Атырау қаласынан тұрғын үй сатып алған.
Тілсіз жау ауданымызды басып, қиын-қыстау күн туды. Үйім бір айға жуық суда тұрды. Тазарған соң тәуелсіз бағалаушылар үйіме келіп, апатты деп таныды. Қорытынды жарияланған соң төртінші күні Жылыой ауданының әкімдігімен өтемақы алу туралы келісімге қол қойдым. Екі күннен кейін арнайы шотыма ақша аударылды. Сол ақшаға осындай кең сарайдай үй сатып алдым. Төрт күн қоныс тойын тойладық. Аудан әкімдігіне қолдау мен қамқорлық көрсеткені үшін алғыс білдіремін, - деді Алжамай Кенжиева.
Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілеріне өтемақы төлеу жөніндегі өңірлік комиссия жұмысын жалғастырып жатыр.
Бүгінде Жылыой ауданында жалпы сомасы 500 млн теңге болатын 69 бизнес субъектісіне өтемақы төленді. Сонымен қатар, Құлсары қаласында тасқыннан зардап шеккендерге арналған 100 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Үй құрылысына жергілікті компаниялар жұмылдырылған, әр үйдің ауданы - 100 шаршы метр.