Құлсарыдағы жарылыс: қаза болған ерлі-зайыптылардың артында 4 бала қалды

Құлсарыда жарылған жанар-жағармай құю бекетінде зардап шеккен 8 адам әлі ем алып жатыр. Тұрғындардың денелерін 22 пайызға дейін күйік шалған. Ал бекеттің өзінен былтырғы тексеріс кезінде де кемшілік анықталыпты. Бұл туралы төтеншеліктер айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жанармай құю бекеті Құлсары қаласының қақ ортасында орналасқан. 30 мамыр күні кешкі сағат 18:50 шамасында бекеттің 18 текше метр болатын цистернасына газ құю кезінде жарылыс болған. Отынды құйып жатқан жүк көлігінің 1977 жылғы жүргізушісі мен кәсіпкерлік нысанның кассасында жұмыс істеген 44 жастағы әйел қайтыс болыпты. Екеуі ерлі-зайыпты көрінеді. Олардың артында 4 бала жетім қалды. 

Кешегі болған жағдай бойынша науқастар жедел жәрдем көмегімен жеткізілді. Амбулаторлық емге қарап тексерілуге сол мезетте жіберілді. Науқастарды стационарлық емге жатқызып, ем-дом тағайындап орап-таңу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда қарап тексеруден кейін, дәл қазір 5 науқас стационарлық емге жатқызылып, іште жатыр. 3 науқасты облыстық ауруханаға облыстан келген мамандармен бірлесіп тасымалдау жүзеге асты. Қазіргі таңда облыстық ауруханада ем-домдарын қабылдап жатыр. Іште жатқан науқастардың ең жоғарғы күйік шалғандары 22 пайыз. Ең төменгісі 5 пайыз. Олардың денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Толыққанды ем домдарын қабылдап жатыр, - дейді Атырау облысы Жылыой ауданы ауруханасының директоры Асұлан Абдрахманов. 

Қайтыс болған екі адамнан бөлек, сол маңда бас-аяғы 16 адам зардап шеккен еді. Оның ішінде 2 жасар бала да бар. Сондай-ақ жарылыс кезінде жақын аумақтағы 3 нысанның төбесі өртке оранған. Екеуі құрылысы аяқталмай тұрған ғимарат болса, біреуі қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған оңалту кешені, бассейн дейді төтеншеліктер. Жарылыс болған уақытта айнала қоршалып ол көшелермен қатынас тоқтаған. Қазіргі уақытта бәрі қалыпқа келітірлген. Тұрғындар арасында бекет ішінде әлі газ бар, қазір біртіндеп шығарылып жатыр деген де ақпарат тарады. Бірақ ТЖД өкілдері оны жоққа шығарды. Онда тек бір цистерна болғанын жеткізді. Жарылмай қалған көлік цистернасында ғана газ қалған. 

30 мамыр кешкі сағат 18:50 шамасында Жылыой аудандық мамандандырылған қрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне Құлсары қаласы, Махамбет даңғылы бойында орналасқан «Ниет» жанармай құю бекетінде өрт шыққандығы жөнінде хабарлама түсті. Оқиға орнына барған кезде газ құю цистернасының жарылғаны анықталды. Сол маңдағы 3 нысанның төбе жабындысы жанып жатқандығы белгілі болды. Өртті сөндіруге ТЖ департаментінен 63 қызметкер мен 13 техника, мемлекеттік өрке қарсы қызметінен, мұнай компаниясына қарасты авариялық құтқару мекемесінен және "Семсер" өрт сөндіру мекемесінен 18 қызметкер, 4 техника жұмылдырылды. Қазіргі мезгілде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бабымен, яғни ҚР Қылмыстық кодексінің 292 бабы 3 бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Өрттің себебін анықтау мақсатында сараптама тағайындалды. Сараптама шамамен 1-2 ай уақытты алады, - дейді Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нариман Өтешов. 

Жанармай құю бекеті тұрғын үйлерден 100-150 метрдей қашықтықта орналасқан. Өзге үйлерге зақым келмеген. Тек бір кәсіпкерлік нысанның жұмысы тұралады. 
Жылыой ауданының әкімі марқұм болған отбасына барып, көңіл айтқан. Әкімдік тарапынан қандай көмек қажет екенін сұраған. Бірақ қайтыс болған ерлі-зайыптының туыстары шығын көлемін айтатындай жағдайда болмапты. Дегенмен шенділер жарылыс кезінде қаза болған тұрғындардың балаларына көмектесуден қашпайтын сияқты. Несие берешегін, балаларын оқу орындарына орналастыру және өзге де мәселелер бойынша шаралар жан-жақты қарастырылады деді. 

Айта кетсек, Атырау облысы бойынша 200-ден астам жанар-жағармай құю бекеті бар. Төтенше жағдайлар департаментінің жауаптылары оларды жылына бір рет тексерістен өткізеді. Мәселен, былтыр сондай рейдтік шаралардың арқасында 76 жанармай бекетінен кемшілік анықтапты. Олқылығы бар бекеттердің тізімінде дәл осы 2 адамның өмірін жалмаған Құлсары қаласындағы "Ниет" жанармай құю бекеті бар екен. Ол уақытта кәсіпкер нысанның кемшілігін уақытында жойғандықтан, ешқандай шара қолданылмаған. Тек кемшілікті жою бойынша ұсыныс берілген. Биыл ол бекет жоспар бойынша жылдың екінші жартысында тексерілуі керек еді. Алайда осындай қайғылы жағдай орын алды. 

Кез келген мекемені не нысанды адам шығыны болғанда ғана қимылдайтын жауаптылар өңірдегі өзге жанармай құю бекеттеріне тексеріс жүргізіле ме, жоқ па ашып айтпады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы