21 Қазан 2026, 09:33 Фото: Көлік министрлігі

Құлсарыда жеке қаражат есебінен жаңа теміржол вокзалы ашылды

Құлсары қаласында жаңа теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Құны 500 млн теңгеден асатын жоба «Исткомтранс» көлік-логистикалық компаниясының қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Елдос Нестай, Құлсары қаласының әкімі Қадіржан Әдинов, «Исткомтранс» компаниясының бас директоры Алмас Абайделдинов, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.

Жаңа вокзал 1970 жылдан бері пайдаланылып келген ғимараттың орнына салынды. Бұрынғы вокзалдың ауданы 211 шаршы метр болса, жаңа кешеннің аумағы 846 шаршы метрге жетті. Осылайша, ғимараттың ауданы шамамен төрт есе ұлғайды.

Бұл жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және оларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Елдос Нестай еліміз бойынша теміржол вокзалдарының инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Биыл жаңғырту жұмыстары 121 нысанды қамтиды.

Құлсары – жолаушылар тасымалы үшін маңызды станциялардың бірі. Мұнда күн сайын 10 жолаушылар пойызы қатынайды, ал вокзал қызметін 300-ден астам адам пайдаланады. Сондықтан вокзал инфрақұрылымының сапасы жолаушылардың жайлылығы мен қолайлылығына тікелей әсер етеді. Жаңа вокзал жеке инвестициялар есебінен салынды. Бұл – бизнестің көлік инфрақұрылымын дамытуға және өңір тұрғындары үшін маңызды мәселелерді шешуге үлес қосуының жақсы үлгісі, – деп атап өтті Елдос Нестай.

Жаңа ғимаратта жолаушыларға қажетті барлық жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, күту залдары, билет кассалары, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі, жүк сақтау камерасы және санитарлық бөлмелер бар. Сондай-ақ халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Кешенде олардың қажеттіліктеріне сай жағдай жасалған.

Вокзалдың іргелес аумағы да абаттандырылды. Мұнда перрон жабдықталып, автотұрақ қарастырылған, жарықтандыру және бейнебақылау жүйелері орнатылған.

Жаңа вокзалдың ашылуы Құлсары тұрғындары үшін маңызды оқиға әрі өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңғырту жолындағы елеулі қадам болды. Заманауи кешен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, сапарлардың жайлылығын қамтамасыз етуге және теміржол вокзалдарына қойылатын қазіргі заманғы талаптарға сай жағдай жасауға мүмкіндік береді.