Құлсарыда балтамен сыныптастарына шабуыл жасаған жасөспірім мектепке қайта оралды

Құлсарыда мектепте құрдастарына балтамен шабуыл жасаған жасөспірім сабаққа қайта кірісті. Сот оны үйқамақта қалдыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы Атырау облыстық білім басқармасы мәлімдеді. 

Оқиғаға қатысты тергеу әлі аяқталған жоқ. Зардап шеккен екі оқушы ем қабылдап жатыр. Айта кетерлігі, оқушы мектепке апарған балта әзірге табылған жоқ.

Сонымен қатар жасөспірімнің ауылдар арасындағы төбелестерге қатысы бар-жоғы да тексерілуде. Бұл жайт бойынша нақты қорытынды әлі жасалмады.

Тергеу аяқталған соң түпкілікті шешім қабылданады, – деді Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуов.

Ведомствоның мәліметінше, бұған дейін оқушылар бір-бірімен дос болған. Алайда олардың біреуі араласатын ортасын өзгерткеннен кейін арада жанжал туындаған.

Шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданған. Тергеу аяқталған соң барлық қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. 

Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі қосымша тексеру жүргізу үшін өңірге арнайы комиссия жіберуді жоспарлап отыр.

Еске салайық, бұған дейін Құлсары қаласында 10-сынып оқушысының қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларға балтамен шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалағаны туралы ақпарат тарады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы