Құлсарыда 10-сынып оқушысы сыныптастарына балтамен шабуыл жасады: Екеуі жарақат алды

5 ақпан күні «102» арнасына Құлсары қаласында 10-сынып оқушысының қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалағаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Атырау облысының Полиция департаментінің мәліметінше, хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, жасөспірім анықталып, ұсталды. Оқиғаға қатысушылар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді.

Аталған дерек бойынша бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, Ішкі істер органдарының есебіне алынды, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Жинақталған материалдар шешім қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды.

Сондай-ақ жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды.

Қылмыстық іс аясында қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы білім беру бөліміне ұсыныс енгізілді. Тергеу қорытындысы бойынша білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ оқу орнын күзетуді жүзеге асырған күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.

Бұған дейін де мектепте оқушымен болған оқыс оқиға туралы хабарлаған болатынбыз. Солтүстік Қазақстан облысында 16 жастағы оқушы мектеп әжетханасында сірке қышқылын ішіп қойған. Оқиға Айыртау ауданына қарасты Гусаковка ауылында болған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы