Құлсары қаласының тұрғындары өтемақы алып, құрылыс жұмыстарын бастап кетті
Құлсары қаласының тұрғындары баспаналарын жөндеп, қалпына келтіру жұмыстары үшін өтемақы алып, құрылыс жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.
Айталық, Мешіт ауылы, Панар Бекбосынова көшесі, 82б үйінің тұрғыны Жеңіс Досов жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттың аударылғанын айтты. Осы сома есебінен көлемі 15х12 болатын үйінің негізгі бөлігіне көлемі 11х5 метрді құрайтын тас қалап жалғап жатыр. Бағалау комиссиясы тиісті есебін шығарып, қаражатын аударған.
Тұрғыннан білгеніміздей, үйдің еденімен қатар, ішкі-сыртқы қабырғаларына да ылғал өтіп кеткен. Дүние-мүліктің барлығы жарамсыз болып, далаға шығарып тастаған.
Шүкір, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталып кетті. Үйімнің алдын өзгертіп қайта салып жатырмын. Осы құрылыс бөлігінен жатын бөлмесі мен жуынатын және дәретхана бөлмесін жасақтаймыз. Сосын үйдің бұл бөлігіне көшіп, су кірген бөлігінің құрылысын жалғастырамыз. Бір жағынан жолдасымның демікпесі болғандықтан оны да ескеріп жатырмын. Су тасқыны кезінде ешбір затты алып қала алмадық. Еденнің тұтастырғышын (стяжка) бұзып кептіріп қойдық. Үйдің төбесі қалпында тұр. Қабырғалар жарылмады, - деді Ж.Досов