Құлсары қаласында су басқан 1200-ден астам үйді бағалау нәтижелері дайындалды
Тек бір тәуліктің ішінде мобильді топтар тұрғындарға 300-ге жуық бағалау парағын таратты, деп хабарлайды BAQ.KZ Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабқа сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда жұмыс комиссиясы 1200 нысанды бағалау нәтижелерін дайындады. Оның ішінде үйі суға кеткен 357 тұрғын өтемақы алу туралы келісімге қол қойды, 109 тұрғынның жеке шоттарына өтемақы қаражаты аударылды.
Құлсары қаласының тұрғыны Нұршат Әуелбаеваның айтуынша, бағалау компаниясы есептеп, ұсынған қаражат оның ішкі есебімен сәйкес келген.
Менің үйім апатты деп танылды. Ол үйді тек бұзуға керек. Зардап шеккен үйімнің құнын әділ бағалағандарына ризамын, мемлекеттен түсетін өтемақы шығынымды толығымен жабады. Алынған ақшалай өтемақыға жаңа үй сатып аламын. Немесе жаңа үй салуым да мүмкін. Қазір біз бұл мәселені отбасымызбен осы мәселені талқылап жатырмыз - деді Нұршат Әуелбай.
Құлсары қаласының тағы бір тұрғыны Күнзира Тәжіғұлова ақшалай өтемақыға жаңа тұрғын үй сатып алуға ниетті.
Үйімді басқан судың көлемі екі метр деңгейінде сақталып тұрды. Аяқ астынан апаттық жағдайға жеткен үйімді әділ бағалағандары үшін рахмет айтамын. Енді ол үйді алаңсыз бұзуға болады. Оның орнына жаңа тұрғын үй сатып аламыз деп отырмыз, - деді Күнзира Тәжігұлова.
Зардап шеккен мүлікті бағалау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Бүгінде қала бойынша жиырма мобильді топ күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Мамандар үйді аралауды және залалды бағалау мен зардап шеккен мүлікке техникалық сараптама қорытындыларын түсіндіруді жалғастыруда. Мобильді топтардың жұмысы барлық бағалау жұмыстары толық аяқталғанға дейін күн сайын демалыссыз жүргізілетін болады.
Құлсары қаласындағы № 20 мектеп базасында үйлері апатты деп танылған тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Сондай ақ, су тасқынынан зардап шеккендерге ақшалай өтемақы төлеу бойынша ақпарат берілуде.
Су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындармен арада ақшалай өтемақы төлеу бойынша келісімдер жасасу бойынша жұмыстар Жылыой ауданының мәдениет үйінде жүргізілуде.