Құлсары қаласын қалыпқа келтіру жалғасып, шығын өтеліп жатыр

Атырау облысы Құлсары қаласында тасқын салдарынан бүлінген жолдар қалыпқа келтіріліп жатыр. Жұмыс күзге дейін аяқталады деп жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жылыой ауданы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекет Бозжігітовтың сөзінше  қазір аудан орталығындағы Автожолшылар-2 ықшам ауданындағы көшелерді қалпына келтіріп, жөндеу басталған.

Қазіргі уақытта орталық ауруханаға кірме жол, тасқын судан бүлінген Қожанов көшесін қалпына келтіру басталды. Мердігер мекеме – «Казком сервис» ЖШС бекітілді. Қала бойынша су шайған жолдарды қалыпқа келтіруді күз мезгіліне дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз, - дейді Бекет Бозжігітов.

Қала бойынша келтірілген шығын көлемін есептеу мен оны өтеу де жалғасып жатыр. Қазірге дейін 2637 үйге бағалау парағы таратылған. 2455 баспана иесімен келісім-шарт жасалған. 1402 үй бұзылады. 1053 баспана жөндеуге жатады. Көмекті алғандардың бірі жергілікті тұрғын Айгүл Нұржанқызы.

5 сәуірде жаппай эвакуация деп хабарланғасын, өзіміз ағайын-туманы жағалап Ақтау қаласына кетіп қалдық. 6 сәуірде біздің үйді су басты. Деңгейі 1 метрге жақындап, көтерілді. Су 4-5 күн тұрды. Кейін жағдай тұрақталған соң, үйдері техниканы, киім-кешекті бірыңғайлап, реттедік. Керек жерге құжаттарды тапсырдық. Үйімізге бағалаушылар мен сарапшылар келді. Бәрі өздерінің жұмыстарын жасап кетті. Енді маған қорытындылап шығарып, шығын көлемі жазылған құжатты қолыма берді. Сол бағаға келістім. Ақшам түсті. Үйім жөндеуге келеді екен. Кірісіп, бастап жатырмын. Рет-ретімен бәрі болар деп отырмын, - дейді қала тұрғыны Айгүл Нұржанқызы.

Видео: Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: скрин
Өзгелердің жаңалығы