Құлақты немен тазалау керек?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзінің тазалығына қатты мән беретін адамдар күнделікті мақта таяқшаларымен құлақтарын тазалаған кезде, денсаулықтарына қалай зиян келтіріп жатқандарын білмейді. Бұл туралы grodno24.com жазды.
Дәрігерлер құлақты құлықтан тазарту үшін әртүрлі таяқшаларды және басқа да заттарды мүлдем пайдаланбауға кеңес береді.
Көптеген адам құлақты жақсылап тұрып тазалаған дұрыс деп есептеп, мақта таяқшаларын құлақтың түбіне дейін кіргізіп, құлықтың бәрін «сыпырып» тазалап шығады. Ал шын мәнінде құлақты саусақпен тазалаған абзал. Құлағыңызға саусақты сыйғанынша кіргізіп, керегінше тазалап аласыз. Құлықтың артық мөлшері біреудің көмегінсіз өз бетімен шығарылады.
Бұл материалда мақта таяқшаларын қолданудың салдары қандай болатынын, құлақ тазалығы мен саулығын қалай сақтауға болатынын түсіндіріп өтуге тырысамыз.
Құлық не үшін қажет?
Адамзаттың дамып-жетілу барысында құлық адамға тектен текке берілмеген. Сарғыш түсті субстанция бірден бірнеше қызметті атқарады. Біріншіден, құлақты шаң-тозаңнан, жәндіктердің құлаққа кіріп кетуінен қорғайды. Адамның жақтары қозғалған сайын немесе адам тамақтанған кезде құлықтың артық мөлшері құлақтың ішіне кіріп кетіп құлыққа жабысып қалған заттармен бірге шығарылып отырады.
Кейбір зерттеуге сәйкес, құлық тек қорғаныш қызметін атқармайды. Құлықтың арнайы бактерияға қарсы қасиеті бар. Қарапайым сөзбен айтқанда, құлық құлаққа енетін бактерияларды жояды. Бұдан бөлек құлық құлақтың ішін үнемі ылғалдандырып тұрады.
Құлықтың құрамы, өзіндік қасиеті және түсі көптеген факторға тәуелді. Мысалы, құлықтың құрғақ немесе жабысқақ болуы, ақшыл немесе қоңырқай түсті болуы, оның бөліну мөлшері сіздің қайда тұратыныңызға, немен тамақтуыңызға байланысты.
Мақта таяқшаларын қалай пайдалану керек?
Таяқшаларды құлақтың ішіне дейін тереңге мүлдем кіргізбеу керек. Бұл ақпарат тіпті таяқшалардың қаптамасында көрсетілген. Таяқшаларды дұрыс қолданбаудың салдарынан құлық тығыздалып, әрі қарай құлақ каналының түбіне жиналады. Бұндай жағдайда, құлақ жарғағы зақымдалуы мүмкін. Құлақ жарғағы зақымдалса, адам ішінара немесе толығымен есту қабілетінен айырылуы ықтимал.
Мақта таяқшаларын қолданудың салдары
Егер сіз құлағыңызды күнделікті тазалай берсеңіз, сіздің ағзаңыз бұны сигнал ретінде қабылдап, бұрынғыдан да көбірек құлық бөліп отырады.
Көп жағдайда бұл гиперсекрецияға, құлықтың шамадан тыс көп бөлінуіне әкеліп соғады.
Гиперсекреция тек құлақ каналының бергі жағында емес, құлақ жарғағының жанынан да туындайды. Салдарынан құлақ ішіндегі құлық шамадан тыс бөлінген құлықпен бірігіп, құлақты мүлдем бітеп тастауы мүмкін. Егер сіз бұндай жағдайға тап болсаңыз, тез арада арнайы маманға барыңыз.
Құлақты тазалаған сайын, ол кірлей түседі! Құлақты күнде, әрі бөгде заттармен тазалауға болмайды!
Мақта таяқшаларын қалай пайдаланған дұрыс?
Аталмыш таяқшалар кем дегенде жүз жыл бұрын пайда болған. Бұған дейін мыңдаған жыл бойы адамзат арнайы бір заттың көмегіне жүгінбей-ақ, құлақ бітелу, құлақ жарғағының зақымдалуы тәрізді проблемалары болмаған. Себебі, табиғаттың өзі жаратылысынан құлақтың үнемі тазарып, артық құлықтан арылып тұруына жағдай жасаған.
Егер мақта таяқшаларын алсақ, оның қаптамасында ұсақ жазумен көздің, құлақтың және мұрынның ішкі жағында қолданбау керек деп жазылған. Құлаққа саусақ кірген жерге дейін ғана таяқшаны кіргізіп тазалауға болады.
Құлақты тазалаудың ең дұрыс әдісі – оны саусақпен жуып-шаю.