Құландар Іле-Балқашта жаңа мекенге бейімделуде
Құландар Іле-Балқаш резерватына жіберілді.
Құлан популяциясын сақтау және оның табиғи таралу аймағын кеңейту мақсатында Алтын-Емел мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватына құландар көшірілді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жануарлар жаңа аумаққа жеткізіліп, табиғи ортаға жіберілді. Алдағы уақытта мамандар олардың жаңа мекенге бейімделуін, қозғалысы мен жалпы жағдайын бақылауды жалғастырады. Бұл жұмыс құланның табиғи популяциясын қалпына келтіруге, таралу аумағын кеңейтуге және Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтауға бағытталған, - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда Кертағының екінші құлыны дүниеге келді.
Айта кетейік, Кертағыны (Пржевальский жылқысын) Қазақстанға әкелу 2024 жылы басталды. Алғашқы жылы Еуропадан жеті жылқы жеткізілді. 2025 жылы тағы жеті, 2026 жылы сегіз жылқы әкелінді.
Кертағы (Пржевальский жылқысы) - Еуразияда сақталған жабайы жылқылардың соңғы түрі. ХХ ғасырда ол жабайы табиғаттан жойылып кеткенімен, хайуанаттар бақтарында сақталып, кейін халықаралық бағдарламалар арқылы табиғи мекеніне қайта жіберіле бастады. Қазақстан да қазір осы түр қайта жерсіндіріліп жатқан елдердің қатарында.