Құлағын тазалағысы келген ер адам миын зақымдап алды

Астана, BAQ.KZ. Британдық азаматтың құлағын мақталы таяқшамен тазалаймын деген әрекеті бас миының іріңдеуіне алып келді. Бұл жөнінде Lenta.ru порталы хабарлады. 

31 жастағы ер адам терапевтке сол құлағының қатты ауыратынын айтып шағымданған. Ол он күннен бері құлағы қатты мазалап жүргенін және бұл дертіне бас ауруы, жүрек айнуы мен құсу қосылғанын айтқан. 

Терапевт оған құлақ инфекциясына қарсы дәрі жазып берген. Алайда, аталған дәрі ер адамға еш көмектеспегендіктен, ол есінен танып құлап, ауруханаға жеткізілген. Ауруханада емделуші дәрігерлерге бірнеше күн бұрын адамдардың есімдерін ұмытып, дел-сал күйде жүргенін хабарлаған. Сондай-ақ, ол соңғы бес жыл бойы құлағының естуі нашарлағанын айтқан. 

Емделушіге компьютерлік томография жасалып, оның миында ірің жиналып қалғаны және есту жолында бөгде зат тұрғаны анықталған. Дәрігерлер тиісті ота жасап, бұл дерттің туындауына мақта қалдығы себепші болғанын анықтаған. 

Отадан кейін он апта өткен соң емделушінің жағдайы жақсарған. Дәрігерлердің айтуынша, оның ешқандай неврологиялық ауруы жоқ және құлақ ауруы мазаламайды. Екінші рет жасалған компьютерлік томография бас қаңқасы ішіндегі абсцесс жоқ екенін көрсеткен. Ал ер адам құлағын мақталы таяқшамен тазаламауға уәде еткен.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы