"Құдай сақтады": Астанада 9-қабаттан құлаған баланың жағдайы белгілі болды
Денсаулық сақтау басқармасы Астанада 9-қабаттағы терезеден құлап кеткен 6 жастағы баланың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға 11 тамыз күні таңертең Астанадағы Түркістан көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде болды. 6 жасар бала 9-қабаттан құлап, аман қалды.
Куәгердің айтуынша, бала кіреберіс үстіндегі шатырға құлаған. Ол дереу жүгіріп, көмекке келген.
Ер адамның сөзінше, екінші қабаттағы пәтер тұрғыны баланы қолынан ұстап, төмен сырғып кетпеуін қамтамасыз еткен. Тағы бірі көрпе әкелсе, енді бірі пәтерге жүгірген.
Баланы шатырдан көтеріп алған сәтте, оның анасы жүгіріп келген. Ол қатты күйзеліс (шок) жағдайында болған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметі баланы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізді.
Басқарма мәліметінше, 2019 жылы туған бала жансақтау бөліміне ауыр жағдайда түскен. Бірнеше күннен кейін ол травматология бөліміне ауыстырылды.
Денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткендей, бала ғажайыптың арқасында аман қалған. Мұндай биіктіктен құлағанда аман қалу мүмкіндігі өте аз екені аталан. Қазір баланың жағдайы ауыр болғанымен, есін жиған.
Баланың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Травматология бөліміне ауыстырылды, – деді Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Дәрігерлер баланың жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы және бірнеше сүйегі сынғанын анықтаған.
Еске салайық, бұған дейін 6 жасар баланың 9-қабаттан құлап, аман қалғанын жазған болатынбыз.