"Құда-жекжаттары өріп жүр". Бәпи Олимпиада комитетінің жұмысын сынады

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Ұлттық Олимпиада комитетіне ревизия жүргізу керегін айтып, Премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне Тимур Құлыбаев келгеннен бері елдің спорттық жетістіктеріміз құлдырай бастады. Мысалы, Токиодағы соңғы жазғы Олимпиада ойындарында біздің спортшылар бірде-бір "алтын" немесе "күміс" медаль алған жоқ, тек 8 қола медальмен қайтты. Ал медальдық есепте біздің еліміз 83 орынға бір-ақ түсті, - деп есептейді депутат.

Бәпидің сөзінше, 1994 жылдан 2014 жылға дейінгі Жазғы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар тұрақты түрде 4-5 орын алып келген еді. 2018 жылы біз 9-орынға, ал 2023 жылы 11-орынға түстік.

Парижде де осының кебін киюіміз әбден мүмкін. Бұл біздің құрамамыз дербес ел ретінде Қазақстан атынан қатысатын сегізінші Олимпиада ойындары болмақ. Осы тәуелсіздік жылдарында біздің спортшылар 11 спорт түрінен 14 алтын, 22 күміс және 35 қола медаль жеңіп алды. 1996 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстан барлық жазғы Олимпиада ойынында ешқашан алтынсыз қалмай, әлемдегі үздік 40 елдің қатарынан түспеді. Бұл ретте, елімізде футболдың біршама қарқынды дамып жатқанын атап өткен жөн. Ел Президентінің өзі ұлттық құрама ойынына қолдау көрсету үшін, соңғы кездері футболға арнайы барып жүр, - деп айтты Ермұрат Бәпи.

Депутаттың айтуынша, Тимур Құлыбаев келгелі Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығына кілең "eскі Қазақстанның" өкілдері іріктеліп алынды. Оның ішінде бір-біріне айнымас құда-жекжаттар мен миллиардер күйеудің олигарх-достары өріп жүр.

Сонымен қатар Комитетке мүше болып сайлануға 70 жастық шектеу белгіленген. Қазіргі мүшелердің ішінен бұл цензден асып кеткендер де, күні ертең толайын деп отырғандар да бар. Ұлттық Олимпиада комитеті басқарушы органының осындай шал-шауқандар құрамымен қандай жеңіске жетуге болады? Оның үстіне, баршаға мәлім, Тимур Құлыбаев Қазақстанның ең ірі 50 жеке бизнесі қатарына кіретін компаниялардың активтерін иелене отырып, бірқатар ірі бизнес жобаларды бақылайды. Оның ішінде: "АЛМЭКС" Холдингтік тобы, "Каспий Мұнай" және "Petro Retail" мұнай компаниялары бар, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи депутаттық сауалында.

Депутат мұндай шамадан тыс жүктемемен оның олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға мүлдем уақыты жоқ деуге болатынын айтты.

Бәпи Ұлттық Олимпиада комитетіне түбегейлі өзгерістер керегін айтып, мынадай ұсыныстар жолдады:

1. Париждегі Олимпиада алдындағы лицензиялық спорттық турнирлерге бай-бағыландардың өкілін емес, ауылдан шыққан, көкірегінде намысы бар патриот, кәсіби спортшыларды апару қажет.

2. Спорт саласындағы жемқорлық пен сыбайластық, таныс-тамырлықты түбімен жою керек.

3. Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылық құрамына ревизия жасап, оларды тек жас, "жаңа Қазақстан" өкілдерімен жасақтау керек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы