Қуантыров жаңа бюджет жобасын ұсынды
Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл 2020 – 2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер туралы заңның қолданылуының аяқталуына байланысты, келесі үш жылдық кезеңге арналған субвенциялар мен алып қоюлардың көлемін бекітуді көздейтін «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023 – 2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасы әзірленді, - деді Қуантыров.
Министр жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту және әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімді болуын теңестіру, сондай-ақ орталық пен өңірлер арасындағы трансферттер көлемін біртіндеп қысқарту жөніндегі жаңа тәсілдер ескеріліп есептелетінін айтты.
Осыны ескере отырып, үш донор өңір – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау облысы айқындалды, олар бойынша бюджеттік алып қоюлар мынадай көлемде айқындалды: 2023 жылы – 487 млрд теңге, 2024 жылы – 536 млрд теңге, 2025 жылы – 577 млрд теңге. Қалған 17 өңір бойынша бюджеттік субвенциялар көлемі 2023 жылы – 4,9 трлн теңге, 2024 жылы – 5,2 трлн теңге, 2025 жылы – 5,7 трлн теңгені құрады. Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі республикалық бюджеттің параметрінде ескерілді, - деді ол.