Қуантыров: Кәсіпкерлік салада міндетті талаптар тізілімі жасалуда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті.
Заңды іске асыру мақсатында осы жылы 1 ақпанда Заңның қолданылуын қамтамасыз ету үшін қабылдануы қажет құқықтық актілердің тізбесін бекітуді көздейтін Премьер-министр өкімінің жобасы Үкіметке енгізілді. Тізбе 164 нормативтік-құқықтық актіні қамтиды, -деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр реформада негізі үш маңызды актіні атап кетті.
Реттеушілік әсерді талдау жүргізу және пайдалану қағидалары бар. Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың тізілімін жүргізу қағидаларын айтсақ. Актілер әзірленді, олар бойынша келісу процесі жүргізілуде. Осыған байланысты мемлекеттік органдар жобаларды уақтылы әзірлеу және қабылдау үшін белсене қатысуы тиіс, -деді Әлібек Қуантыров.
Оның мәлімедуінше , аталған заңның негізгі жаңашылдығы кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімін қалыптастыруында.
Тізілімде реттеушілік актілердің жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігі тұрғысынан оларға талдау жүргізу мерзімдері айқындалатын болады. Егер реттеуші орган осы талдауды мерзімде жүргізбеген жағдайда, онда мұндай актілердің күші жойылады және тізілімінен шығарылады. Құжат ерекшелігі - тізілімнен шығарылған кәсіпкерлерді мерзімінде жойылмаған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босату. Тізілім 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылады. Сонымен қатар бүгінде оны қалыптастыру бойынша жұмыстар басталды, - деді Әлібек Қуантыров.