Қуантыров халықты және кәсіпкерлікті қолдау үшін жүзеге асырылатын бірқатар жобамен таныстырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.
Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспары мақсатында сұйытылған мұнай газын өткізудің жаңа тетігін әзірлеуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жөніндегі форвардтық тетіктерді қаржыландыруды ұлғайтуды және көмір бағасының өсуіне жол бермеу шараларын қамтиды, - деді Ұлттық экономика министрі.
Оның мәлімдеуінше, халықты және кәсіпкерлікті қолдау бағытында 7 іс-шараны жүзеге асыру көзделіп отыр.
Мәселен, басталған салықтық тексерулерді, кедендік тексерулерді 2022 жылғы 1 ақпанға дейінгі мерзімде тоқтата тұру және кейінге қалдыру, кәдеге жарату алымының мөлшерлемелері мен тәсілдерін қайта қарау, 2022 жылғы 20 сәуірге дейінгі кезеңге құрылыстарды көшіруге, орналастыруға, бұзуға байланысты атқарушылық әрекеттерді жүргізуге уақытша тыйым салуды енгізу жоспарлануда, -деді Ә. Қуантыров.
Ә.Қуантыров ұйымдастыру-қаржылық мәселе бойынша 8 іс-шараны іске асыру жоспарда екенін айтты.
Олар теңгеге деген сенім толық қалпына келгенше валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді, батыс өңірлер үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын әзірлеуді немесе өзектілендіруді, жаппай тәртіпсіздіктер салдарын жою жөніндегі іс-шараларды қаржыландырумен қамтамасыз ету үшін 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауды қамтиды, - деп мәлімдеді Ұлттық эконмика министрі.
Сонымен қатар ол жоба Қаржы, Әділет министрліктерімен және басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдармен келісілгенін атап өтті.
Еске салайық, «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасы әзірленді.