Қуантыров баға мен тарифтер мемлекеттік реттеуден қалай босатылатынын айтты
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында Жолдау қалай жүзеге асырылатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Жаңа экономикалық саясат» бірінші бағыты бойынша 22 іс-шараны іске асыру көзделген. Коммуналдық кәсіпорындардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында монополиялық және олигополиялық нарықтарды қоспағанда, бағалар мен тарифтерді мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту жөнінде ұсыныстар әзірленеді. «Тарифті инвестицияларға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу үшін, табиғи монополиялар саласын реттеу тұжырымдамасын жаңарту бойынша жұмыс істеледі, - деді Қуантыров.
Ол атағандай, фискалдық реттеуді қайта жүктеу мақсатында 2023 жылы жаңа Салық кодексінің жобасы әзірленеді.
Бұдан басқа бюджеттік жоспарлаудағы төрешілдікті одан әрі қысқарту және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру үшін жаңа Бюджет кодексі әзірленеді. Мемлекеттік қаржылық қолдау шараларын ұсыну үшін бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпкерліктерді айқындау мақсатында базалық өлшемшарттар енгізіледі. «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылданады. Соның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің ең төменгі бағасынан бұрын сапа талаптарына басымдық беріледі, - деді министр.