ҚТЖ Сарыағаш өткелінде пойыз қозғалысын тұрақтандыру үшін шектеу енгізді
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы Орталық Азия елдеріне бағытталған қазақстандық экспорттың негізгі бөлігі өтетін Сарыағаш халықаралық өткелінде тасымалдау процесін тұрақтандыру шараларын қолға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта қазақстандық экспорттың 50 пайыздан астамы, яғни ай сайын шамамен 700 мың тонна жүк осы өткел арқылы өтеді. Оның 70 пайызы Өзбекстан бағытына тиесілі. Дәнді дақылдарды маусымдық тасымалдаудың артуы шекара маңындағы инфрақұрылымға айтарлықтай жүктеме түсіріп отыр.
Қазіргі таңда Сарыағаш станциясы маңында 8 400-ден астам вагон жиналған. Бұл Өзбек темір жолының пойыздарды уақтылы қабылдамауымен байланысты. Келісілген тәуліктік қабылдау нормасы – 35 пойыз болса, іс жүзінде бұл көрсеткіш соңғы айларда 29-31 пойыз шамасында қалып отыр. Осының салдарынан уақытша тоқтаған құрамдар пайда болып, вагон айналымының ұзаруына және жеткізу мерзімдерінің кешігуіне әкелуде. Бұл жағдай Тәжікстан мен Ауғанстан бағытындағы тасымалдарға да әсер етуде. Жолаушылар тасымалы кестесін сақтау және инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу үшін 25 қазаннан бастап Сарыағаш бағыты бойынша тиеуге уақытша шектеулер енгізілді. Бұл шара мәжбүрлі әрі уақытша сипатқа ие, - делінген хабарламада.
ҚТЖ іргелес мемлекеттердің темір жол әкімшіліктерімен өзара іс-қимылды жалғастырып, пойыз қозғалысының кестесін оңтайландыру және өңірдегі тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.