ҚТЖ қызметіне қатысты шағым көп – Смайылов

Отандық өндірушілер сұранысты қанағаттандыра алмай келеді. Премьер-министр Әлихан Смайылов еліміздің Темір жол саласын қамтамасыз етуге шетелдік кәсіпкер тартылатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі таңда жылжымалы құрам мен магистральдық желілердің тозу деңгейі шамамен 60%-ке жетіп отыр. Мұның бәрі пойыздардың жүрісі мен теміржолдың өткізу қабілетіне кедергі келтіруде. Шекарада жүктердің рәсімделуіне қатысты проблемалар бар, бұл транзит, экспорт және импорт көлеміне әсер етеді. Сондықтан, бизнес үшін құжаттарды барынша жылдам қарап, дайындап беретін «бір терезе» жүйесін құру қажет. Барлық қызметтер жедел әрі бір мезетте, яғни синхронды түрде жұмыс істеуге тиіс, – дейді Смайылов.

Ол тұрғындар тарапынан «Қазақстан темір жолының» қызметіне қатысты көптеген шағымдар келіп түсетінін айтты. 

Оның айтуынша, пойыздардың үнемі кешігіп келуі, сервистің нашарлығы, ескірген вагондар – мұның барлығы қалыпты жағдайға айналып барады.

Бизнес болса вагондардың уақытында берілмеуін, ұзыннан-ұзақ келісу рәсімдерін айтып, шағымдануда. Осының барлығы бүкіл экономиканың дамуына кері ықпал етеді. Теміржол саласында машина жасау, рельс өнімдеріне және түрлі жабдықтарға деген сұраныс үнемі жоғары. Бізде осы өнімдерді шығаратын көптеген ірі кәсіпорындар бар, бірақ отандық өндірушілер сұранысты қанағаттандыра алмай келеді. Осы орайда шетелдік серіктестерге жүгінуге мәжбүр болып отырмыз. Негізінде, отандық кәсіпорындар өндірісті кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын құруына, отандық экономиканың өсуін қамтамасыз етуіне болатын еді, – дейді Смайылов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкімет баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы