ҚТЖ пойыздардың кешігуіне қатысты түсініктеме берді

Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Семей және Алматы өңірлерінде жолдар жөнделуде. Ауқымды жөндеу жұмыстары Мойынты-Қарағанды-Астана учаскелерінде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, инфрақұрылымды жаңғырту және осы жылдағы жоспарлы жұмыстарды жүргізу мақсатында ҚТЖ пойыздар қозғалысы жылдамдығына уақытша шектеулер енгізеді. Бұл жолаушылар мен жүк пойыздарының қозғалыс кестесін сақтауға әсер етеді.

Астана-Алматы, Алматы-Петропавл, Шымкент-Астана, Жезқазған-Алматы, Алматы-Орал бағытындағы пойыздар кешігуі мүмкін.

Биыл ҚТЖ инфрақұрылымды жөндеу жұмыстарының көлемін арттырды.

Жол жөндеу жұмысы темір жолдың қызмет ету мерзімін, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ күзгі-қысқы кезеңдерде жаппай жүктерді (астық, көмір) тасымалдауға инфрақұрылымды дер кезінде дайындау үшін қажет.

Биыл 1,1 мың шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланған. 108 мыңнан астам шпал мен 634 жинақ бағыттама бұрмасы ауыстырылады.

Пойыздар кешігіп қалған жағдайда өтемақы алуға болады. Өтемақы алу үшін жол жүру құжатына (билетіне) соңғы келу пунктіндегі станция бойынша кезекшіден кешіктірілген сағат саны туралы міндетті белгі алу қажет. Кейін осы құжатпен және жеке куәлігіңізбен заң талабына сай өтемақы алу үшін ҚТЖ-ның кез келген кассасына жүгіне аласыз. «Темір жол көлігі туралы» Заңның 80-бабының 3-тармағына сәйкес жолаушылар пойызының кешігуі үшін әрбір кешіктірілген сағат үшін билет құнының 3 пайызы мөлшерінде айыппұл төленеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы