ҚСЗИ-да Мемлекет басшысының референдум өткізу туралы шешімін талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында «КИСИ GPS» ұлттық сараптама алаңының кезекті отырысы өтті. Жиын Қазақстандағы саяси жаңартуларға, яғни жалпыхалықтық референдумға арналды.

Референдум өткізу туралы шешім жалпыхалықтық жоба ретінде конституциялық реформаның мәнін көрсетеді. Түзетулер жобасының ережелері, оның ішінде Ұлттық кеңес және басқа да қоғамдық кеңестер алаңдарында жарияланған ұсыныстардан тұрады. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиімді екенін көрсетеді. Конституциялық реформа Президенттің жергілікті атқарушы билікке ықпал ету, саяси партияға мүшелігі және басқа да мәселелер бойынша өкілеттіктерін шектеу нормаларын қамтиды. Парламенттің депутаттық корпусын қалыптастыру тетігі айтарлықтай өзгеріп, Мәжілістің рөлі де артып келеді. Конституциялық реформада құқық қорғау институттарына ерекше көңіл бөлінеді. Конституциялық сот құрылып, азаматтар сол жерге өздерінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша жүгіне алады.

«КИСИ GPS»-тағы  отырыста ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Мемлекет басшысының ел үшін маңызды мәселенің барлығы референдум арқылы шешілетіні туралы айтылған сайлауалды тұғырнамасын еске салды. Алдағы конституциялық өзгерістер бойынша референдумға қатысу Қазақстан азаматтарына өз еркін білдіру құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Конституцияға түзетулер енгізуге тікелей дауыс беру азаматтардың жаңа Қазақстан құрылысына тікелей қатысуын жеңілдетеді.

Референдум халықтың еркін білдіру тәсілі ретінде өте кең таралған тәжірибе болып саналады. Көбінесе референдум Швейцарияда кеңінен қолданылады, 400-ден астам рет плебисцит орын алған. Басқа Еуропа елдерінде соңғы 200 жылда референдум 149 рет, Орта және Таяу Шығыста 93 рет, Азия елдерінде 30 рет өткен. Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өткізу бастамашылығы қисынды және орынды деп ойлаймын. Тіпті, Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды тұғырнамасында ел үшін маңызды мәселелердің барлығы референдум арқылы шешілетінін қадап айтты. Бұл, бәлкім, ұлттық ауқымда шешімдер қабылдаудың ең заңды жолы». Болашақ саяси үлгіні анықтауға бүкіл халықтың кеңінен тартылуы халықтың жүріп жатқан процестерге ықпал етуінің шешуші факторы болады, – деді Еркін Тұқымов.

Қазақстандағы соңғы референдум 1995 жылы өткенін, сол кезде қазіргі конституция қабылданғанын, жаңа Ата Заңды қабылдау бойынша референдумға сайлаушылардың 90% қатысып, 90% қолдау көрсетілгенін атап өткен жөн.

Заңнамаға сәйкес, референдумды өтті деп санау үшін сайлаушылардың 50% қатысуы, ал түпкілікті шешім қабылдау үшін көпшілік дауыстың болуы жеткілікті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы