Сұлтанов: Сапаны бақылау үшін таңбалау құралы енгізіліп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ішкі және сыртқы экспортта заттардың таңбалану жүйесінің маңыздылығы туралы айтты.

Мен сауда үшін ғана емес, техникалық реттеу саласына жауап беретін біздің Министрлік үшін ішкі нарықтағы өнімнің сапасы, яғни кауіпсіздігі мәселесі негізгі мәселелердің бірі екенін бірнеше рет айтқан едім. Қазақстанда (және басқа да ЕАЭО елдерінде) сапаны бақылау үшін таңбалау сияқты құрал біртіндеп енгізілуде. Оның мақсаты - контрафактінің айналымын азайту. Тауарды қолдан жасаушылар тексеруден өтпейді (сонымен қатар салық та төлемейді). Пайдаланылатын шикізаттың сапасын қоса алғанда, олардың өндірісін бақылау мүмкін емес. Бірақ сатып алушы (бұл "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңда жазылған) сатып алғалы жатқан өнім туралы білуге құқылы. Өндіруші мен сатушы тұтынушыға өнім туралы толық ақпарат беруге міндетті. Бұл ретте, таңбалау осы мүмкіндікті береді: сандар мен белгілер жиынтығында тауардың толық сипаттамасы (сорты, МЕМСТ және т.б.), өндіруші және шикізат туралы ақпарат бар - дейді министр.

Ол 1 сәуірде елдегі темекі өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жобаны аяқтағанын атап өтті.

Қазір реттеушілік әсерге талдау жүргізіп жатырмыз. Жылдың соңына дейін бізде алкоголь өнімдерін (мерзімі – 31 мамыр), аяқ киім тауарларын (30 шілде), дәрі-дәрмек құралдарын (30 қараша) және сүт өнімдерін (31 желтоқсан) таңбалау бойынша тағы да бірнеше пилоттық жобалар аяқталады. Осыдан кейін біз осы тауарларды міндетті турде таңбалауды енгізгіміз келiп едік. Бірақ коронавирус көптеген жоспарларды өзгертті. Біздің де жоспарлар өзгеріске ұшырауда - деді Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуына қарағанда, қазір көптеген кәсіпорындардың өндіріс пен тауарларды өткізу бойынша қиындықтарға тап болып жатыр.

Бизнес үлкен шығынға ұшырауда. Және де таңбалауды енгізу кәсіпкерлер үшін қосымша шығыс бабы болады. Сонымен қатар, халықаралық саудадағы қиындықтар таңбалау үшін қажетті жабдықты жеткізу мерзімін бұзу тәуекеліне алып келеді. Менің пікірімше, осы күрделі кезеңде бизнеске қосымша шығындар салу дұрыс емес. Сондықтан қазіргі уақытта Сауда және интеграция министрлігі дәрілік заттар мен аяқ киімдерді таңбалау жөніндегі пилоттық жобаларды ұзарту және міндетті таңбалауды енгізу мерзімдерін "карантиннен кейінгі" кезеңге ауыстыру мәселесін қарастыруда. Барлық мүдделі тараптармен талқыланғаннан кейін жақын арада түпкілікті шешім қабылданатын болады деп ойлаймын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы