ҚР МСМ: Балалар спортын қаржыландыру жалғасын табады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қала және өңір әкімдіктері жергілікті спорт басқармаларының жұмысын жіті қадағалаулары керек. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді.
Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың төрағалығымен мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша онлайн форматта жиналыс өтті. Қалалар мен өңір әкімдерінің орынбасалары қатысқан жиында балалар спортын қаржыландыру мәселесі қаралды.
Серік Маратұлы мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша қызмет көрсетушілерге төленбеген қаражаттарға және 2022 жылға бөлінген қаржыға тоқталды.
Балалар спортын қаржыландыру бағдарламасы бойынша арыз-шағымдар өте көп. Олқылықтың бары да жасырын емес. Әрбір шағымға жеке тоқталып, жұмыс жүргізетін боламыз. Қала және өңір әкімдіктерінен жергілікті спорт басқармаларының жұмысын жіті қадағалауларын сұраймыз. Жоба жалғасын табады. Балалар спортын, бұқаралық спортты дамыту басты мақсатымыз екенін тағы бір естеріңізге саламын, - деді Серік Маратұлы.
Сондай-ақ вице-министр өз сөзінде аталған жоба аясында әкімдіктер тарапынан қосымша қаржы бөлініп, қызмет көрсетушілер және ата-аналар тарапынан да өтініштер қабылдау жұмыстары жанданатын болатынын жеткізді.
Бүгінгі таңда республика бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңбері аясында спорт үйірмелерінде 162 208 бала спортпен тегін негізде шұғылданады. Жыл соңына дейін 352 939 баланы қамту жоспарда бар.