Енді QR-код көмегімен азық-түлік өнімдері туралы толық ақпаратты білуге болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бағдарламасы аясында жақын арада ауыл шаруашылығы өнімдерін қадағалаудың салалық жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. 

Яғни, сатып алушылар сөрелерде тұрған азық-түліктер туралы толық ақпаратты өз смартфондарының көмегімен, арнайы QR-кодты сканерлеу арқылы біле алатын болады.

Осылайша, тұтынушылар дүкендегі азық-түліктердің қайдан келіп түскенін, қайда өсірілгенін немесе кім өсіргенін, қайдан тасымалданғанын біле алады. Сондай-ақ, ет өнімдері өндірілген малдың егілгендігі туралы және оның иесі кім болғаны туралы толық танысады. Яғни, азық-түліктің шаруадан бастап дүкен сөресіне дейінгі жолын көруге мүмкіндік туады. Бұл ақпаратты алу үшін арнайы "мобильдік қосымша" жасалады, - делінген министрлік таратқан мәліметте. 

Аталмыш қадағалау жүйесі тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі. Сондай-ақ, бұл жүйе Қазақстанға өз өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. ҚР АШМ қадағалау жүйесін сүт өнімдері және тауық жұмыртқасынан бастауды көздеп отыр, себебі ЕАЭО елдерінде де ауыл шаруашылығы өнімдерінің аталған түрлерін таңбалау бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, РФ-да ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап сүт өнімдерін міндетті таңбалау жүйесі енгізіледі. Сәйкесінше, қазақстандық тауар да сол уақыттан бастап ресейлік нарыққа шығу үшін жаңа талапқа сай болуы тиіс.

Қадағалау жүйесін енгізу тауар өндірушілер тарапынан қосымша шығындарды талап ететінін ескере отырып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бастапқы кезеңде жобаны пилоттық жоба ретінде отандық сүт зауыттарының бірінде іске қосуды ұсынды. Бұл нарыққа қатысушылар үшін қаржылық шығындарды есептеуге және барлық тәуекелдер мен салдарды бағалауға мүмкіндік береді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы