Бүгiн 2026, 16:00 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

QR-код, видеоаналитика және ЖИ: Цифрлық технологиялар Қазақстан армиясын қалай өзгертіп жатыр?

Қазақстан армиясында QR-код, жасанды интеллект пен цифрлық бақылау жүйелері енгізілуде. Бұл сарбаздардың қызметіне қалай әсер етеді?

Еліміздегі әскери бөлімдерде цифрлық сервистер мен жасанды интеллект жүйелері кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Жаңа технологиялар әскери қызметшілердің қауіпсіздігін бақылауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және сарбаздардың қолбасшылықпен байланысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қарулы күштерде цифрландырудың қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Арман Әсенов BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.

Әскери қызметшілердің қауіпсіздігі

Оның айтуынша, Қазақстан Қарулы күштерінде жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған видеоаналитика жүйелерін қолдану ауқымы кеңейіп келеді. Бұл технологиялар әскери бөлімдердегі жағдайды тәулік бойы бақылап, ықтимал қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жаңа технологиялардың көмегімен әскери бөлімдердегі ахуал тәулік бойы бақыланып, ықтимал қауіпті жағдайлар уақытылы анықталады, белгіленген тәртіптің бұзылуы тіркеліп, қажетті шара қабылдау үшін жауапты тұлғаларға жедел ақпарат беріледі.

Әрбір әскери бөлімде бейнебақылау камералары орнатылған, бізде бақылаусыз қалатын бірде-бір аумақ жоқ. Барлығы бақылауда, – деді Арман Әсенов.

Ұзақ өтініш беру тізбегінің орнына – QR-код

Арман Әсеновтің айтуынша, әскери бөлімдерде QR-код жүйесі жұмыс істейді. Оның көмегімен әскери қызметшілер Қорғаныс министрлігінің басшылығына тікелей жүгіне алады.

QR-код арқылы жас сарбаз қолбасшылықпен, Қорғаныс министрлігінің басшылығымен тікелей байланысып, өз жағдайын хабарлай алады. Биыл тағы бір жаңашылдық енгізілді – сарбаздарға ұялы телефон пайдалануға рұқсат берілді. Соның арқасында олар QR-код арқылы ақпаратты тек тікелей командиріне ғана емес, Қорғаныс министрлігінің басшылығына және Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментіне де жеткізе алады, – деп түсіндірді ол.

Жасанды интеллект әскери мамандықты таңдауға көмектеседі

Цифрлық технологиялар әскерге шақырылғанға дейін де қолданылады.

Арман Әсеновтің айтуынша, Қазақстанда SARBAZ+ бағдарламасы әзірленген. Оның көмегімен болашақ әскери қызметшілер алдын ала қызмет бағытын таңдай алады.

Шақырту қағазын алғаннан кейін жас азамат бағдарламаға кіріп, қай әскери бөлімде қызмет өткергісі келетінін таңдай алады. Біреуге зымыран әскерлері қызық болса, енді біріне байланыс, инженерлік бөлімдер, танк әскері немесе десанттық бөлімдер ұнайды. Осылайша болашақ сарбаздар өздерінің әскери мамандығын алдын ала анықтайды, – деді ол.

Сонымен қатар әскери қызмет барысында сарбаздар сұранысқа ие бағыттар бойынша қосымша білім алып, сертификат иесі бола алады.

Біз бүгінде дәстүрлі мамандықтармен қатар жасанды интеллект саласында да сұранысқа ие кәсіптерді үйретеміз. Соның нәтижесінде жастар әскери қызметтен сертификатталған маман ретінде шығады, – деді Арман Әсенов.

Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Әскери бөлімдерге келген мерзімді қызметтегі сарбаздар жас жауынгер курсынан және бейімделу бағдарламасынан өтеді. Сонымен қатар жеке құрам тұрақты түрде психодиагностикалық тексеруден өткізіліп, әскери психологтар жұмыс істейді және әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Арман Әсеновтің айтуынша, бүгінде армия жастарға сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, жүргізуші куәлігін алуға да жағдай жасайды.

Aybyn App мобильді қосымшасы

Мектеп оқушыларымен жүргізілетін жұмыстарға да ерекше назар аударылып отыр. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының қатысушылары үшін Aybyn App мобильді қосымшасы әзірленіп жатыр.

Арман Әсеновтің айтуынша, бұл қосымша мектеп оқушыларына арналған және геймификация элементтеріне негізделген.

Бала әлеуметтік желіде уақыт өткізгеннен гөрі, қазақстандық мазмұндағы ойындар арқылы ел тарихын меңгереді, батырлар мен қаһармандардың ерлігін танып-біледі, ұпай жинап, оны дайындық барысында пайдалана алады, – деді ол.

Орталық басшысының айтуынша, болашақта бұл қосымшаны «Жас сарбаз» қозғалысының 286 мыңнан астам қатысушысы пайдалана алады.

Осыған ұқсас жүйе SARBAZ+ бағдарламасында да қолданылады. Әскери қызметшілер оқу жетістіктері, қосымша әдебиеттерді оқуы, қызметтік міндеттерін сапалы орындауы және тәртіпті сақтағаны үшін ұпай жинайды.

Цифрлық бақылау

Сонымен қатар мерзімді қызметтегі сарбаздарға телефон байланысы және «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі арқылы жақындарымен тұрақты түрде сөйлесуге мүмкіндік берілген.

Әскердегі құқық бұзушылықтар мен түрлі оқиғалардың алдын алу мақсатында «Напарник», «Пирамида» және «Жауынгерлік дос» цифрлық бақылау және мониторинг жүйелері қолданылады.

Қорғаныс министрлігі әскери тәртіпті сақтауда командирлер мен сержанттардың рөлі ерекше екенін атап өтті. Олар әскери ұжымды басқару, тәртіпті нығайту және жанжалдардың алдын алу мәселелері бойынша арнайы дайындықтан өтеді.

Сонымен қатар әскери қызметшілердің құқықтарының сақталуын бақылау ата-аналар комитеттерімен және Сарбаз аналары комитетімен бірлесіп жүзеге асырылады. Ақпарат алмасуды жеделдету үшін әскери бөлім командирлерінің қатысуымен ата-аналар чаттары құрылған.

Осылайша цифрлық шешімдер мен заманауи технологияларды кезең-кезеңімен енгізу әскери қызметтің қауіпсіздігін арттыруға, профилактикалық жұмыстардың тиімділігін күшейтуге және Қазақстан Қарулы күштерінің одан әрі дамуына ықпал етіп отыр.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан армиясы қалай өзгеріп жатыр және алда қандай реформалар күтіп тұр?