QR-код арқылы 28 баланы өзіне қол жұмсаудан құтқардық – Ерлан Қарин

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин балалардың өзіне қол жұмсау туралы ойы барын анықтау үшін мектептерде арнайы QR-код қойылғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мектептерде дәретхана, жертөле, дәліз болсын, көпшілік жүрмейтін орындар болсын барлық жерге арнайы QR-код қояйық деген шешімге келдік. Ол QR-код оқушыны арнайы психологиялық байланыс орталығына қосады, - деді Ерлан Қарин журналист, Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.

Мемлекеттік кеңесші QR-код қоюға 1 жыл бұрын Қазақстанда енгізілген 111 деген сенім телефоны тәжірибесі себеп болғанын жеткізді.

1 жыл бұрын 111 байланыс телефоны қолданысқа енгізілген болатын. Оған әйелдер де, ер адамдар да, балалар да хабарласа алатын. 2023 жылдың қараша айынан 2024 жылдың қарашасына дейінгі 1 жылда 111 нөміріне балалардан 10 мың қоңырау түскен екен. Біз QR-код қойған соң бізге 1 аптада 10 мың баладан хабарламалар келді. Әрине, оның 80-90 пайызы балалардың қызығып, ойнап жібергендері болса, қалған мыңы шын қиын жағдайға түскен балалардан келген хабарламалар, - деді ол.

Ерлан Қарин сол балалармен дереу хабарласып, оларға көмек көрсетудің арқасында және басқа да шаралардың нәтижесінде өткен жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда балалар арасында өзіне қол жұмсау оқиғалары 17 пайызға төмендегенін атап өтті.

QR-кодтарды қазан-қараша айында дереу орната бастадық. Ол кезде 2000-3000 мектепті ғана қамтып үлгерген шығармыз. Биыл толық 7 мың мектепте орналастырып жатырмыз. Биылдың өзінде, 5 айда сол QR-кодтардың арқасында қиын жағдайда тұрған, өзіне қол жұмсауға шешім қабылдау алдында тұрған 28 баладан осындай хабарлама түсіп, 28 баланы құтқарып қалдық, - деді ол.

Мемлекеттік кеңесші QR-кодпен балалар өздерінің шағымдарын, арыздарын айтып шыққаннан кейін олармен жұмыс істеу үшін былтыр әрбір облыста, Парламентте қабылданған заңға сәйкес, психологиялық көмек көрсету орталықтары құрылғанын айтты.

Бұрын норматив бойынша мың балаға 1 психолог болатын. Қазір норматив бойынша 500 балаға бір психолог, - деді Ерлан Қарин.

Еске салайық, бұған дейін балаларды қол жұмсауға итермелейтін кітаптар мен қосымшалар қандай болатынын жазған едік.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы