ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Наурыз тойланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ғимаратында этноауыл бой көтерді.
Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
Комитеттер мен департаменттердің қызметкерлері күн мен түн теңесетін мерекені жыл басы санайтын шығыс халықтарының бай мәдениетін, салт-дәстүрін көрсетті.
Түскі үзіліс кезінде ұйымдастырылған шара барысында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Сахналық қойылымдар көрсетіліп, соның аясында ұлттық дәстүрге сай «Тұсаукесер» рәсімі өткізілді. Ата-анасының өтінішімен сәбидің тұсауын Қайырбек Өскенбаев кесіп, батасын беріп, ізгі тілегін айтты.
Мерекелік іс-шараға мекеме қызметкерлерінің балалары мен отбасылары да қатысты. Қазақтың ежелден келе жатқан дәстүріне сай жиналғандарға ұлттық тағам "Наурыз көже" таратылды. Кішкентай қонақтарға театрландырылған ертегі көрсетіліп, тәтті сыйлықтар берілді.
ҚР ИИДМ басшысы жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтап, мемлекет алдында тұрған жауапты да маңызды міндетті абыроймен атқарып жатқан баршаға алғысын білдіріп, әр шаңыраққа мерейлі шаттық, мызғымас ынтымақ тіледі.