ҚҚС 16%: Жаңа Салық кодексі кімге қалай әсер етеді?
Жаңа кодекс аясындағы өзгерістер кәсіпкерлер мен азаматтарға қалай ықпал етуі мүмкін.
Қазақстанда Салық кодексін жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде Үкімет жанынан құрылған арнайы жобалық кеңсе аясында мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен сарапшылардан түскен ұсыныстар қаралып, қолданыстағы нормаларды жетілдіруге бағытталған 60-тан астам мәселе талқыланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бұл алаңда салық әкімшілендіру, шегерімдер, арнайы салық режимдері, сондай-ақ қаржы секторына қатысты бірқатар түйткілдер кезең-кезеңімен қаралып жатыр. Қазірдің өзінде қаржы жүйесі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелеріне қатысты мәселелер шешімін тапқан. Сонымен қатар салық режимдерін «таза парақтан» қайта құру тәсілі енгізіліп отыр.
Қаржы министрлігі бұл тетік ең алдымен микро және шағын бизнеске бағытталғанын атап өтті. Яғни мұндай кәсіп субъектілері тексерулерден, камералдық бақылаудан және әкімшілік жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.
20 наурыздағы жағдай бойынша жобалық кеңсе тоғыз рет отырыс өткізген. Бұл жиындарда мүгедектігі бар адамдар ұйымдарының қызметі, жеке табыс салығына қатысты түзетулер мен шегерімдер, электронды шот-фактура рәсімдеу тәртібі, қаржы секторына салық салу, ауыл шаруашылығы өнімдеріне ҚҚС түзету, акциз мөлшерлемелері, сондай-ақ бейрезиденттерді салықтандыру мәселелері қаралған.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, кодекске өзгеріс енгізуді қажет ететін шешімдер ресми ресурстарда жарияланып жатыр. Ал нақты нормаларды әзірлеу, оларды қарау, бекіту және күшіне енгізу мерзімдері жобалық кеңсе жұмысының қорытындысына қарай айқындалады.
Бұл процеске Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» мен салалық қауымдастықтар да қатысып отыр. Осы арқылы бизнес ұстанымы ескеріліп, ұсыныстардың экономикалық салдары жан-жақты бағалануда.
Мемлекеттік органдардың мәліметінше, техникалық сипаттағы мәселелер жедел шешілсе, жүйелік бастамалар қолданыстағы тәжірибе мен экономикалық тұрақтылықты ескере отырып, кешенді түрде қаралады.
Денсаулық сақтау саласына қатысты өзгерістер
Жаңа түзетулердің маңызды бағыттарының бірі – денсаулық сақтау саласы. Қазіргі таңда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға қосылған құн салығын (ҚҚС) қолдану тәртібі нақтыланып жатыр.
Атап айтқанда, импорт пен сатылым кезінде ҚҚС есептеу қағидаларына өзгерістер енгізілуде. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың шекті бағаларын ҚҚС-сыз бекіту туралы бұйрық қабылдаған.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап фармацевтика саласында ҚҚС дифференциалды түрде қолданылады: кейбір дәрілер салықтан босатылады, бір бөлігіне 5% жеңілдетілген мөлшерлеме енгізіледі, ал арнайы тізімге енбеген өнімдерге жалпы ставка қолданылады.
Өзгерістердің астарында не жатыр?
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, Мемлекет басшысының бұл мәселеге арнайы тоқталуы бекер емес. Оның пікірінше, жаңа Салық кодексі 2026 жылдан бастап толық күшіне енгенімен, кейбір нормалар қазірдің өзінде қоғам мен кәсіпкерлер арасында қызу талқыланып жатыр.
Сарапшының сөзінше, Президент ең алдымен қоғам сенімін күшейтуді көздеген. Себебі салық жүйесіне қатысты сын-пікірлер мен ұсыныстар бар, ал кейбір нормалар белгілі бір топтарға қосымша салмақ түсіріп отырғаны да жасырын емес.
Президент бұл мәселелерді ашық көтеріп, оларды талқылауға дайын екенін көрсетті. Бұл биліктің қоғаммен диалогқа ашық екенін аңғартатын маңызды белгі, – дейді экономист.
Қай салаларға әсер етуі мүмкін?
Сарапшының пайымынша, салық саясатына енгізілетін өзгерістер әлеуметтік-экономикалық тепе-теңдікті сақтау үшін бірқатар салаға әсер етуі ықтимал. Әсіресе қосылған құн салығы мен арнайы салық режимдері негізгі назарда тұр.
Экономист бұл ретте екі негізгі бағытты бөліп көрсетеді.
- Бірінші бағыт – Кодекстің мазмұны.
Жаңа Салық кодексіндегі басты өзгерістердің бірі – әкімшілендіруді жеңілдету. Салық есептілігі шамамен 30 пайызға қысқарып, салық түрлері 20 пайызға азайған. Соның нәтижесінде жүйе бұрынғыдан анағұрлым қарапайым бола түскен.
- Екінші бағыт – ҚҚС мөлшерлемесі.
Қосылған құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға дейін өскені белгілі. Дегенмен жекелеген тауарлар мен қызметтер үшін жеңілдетілген немесе арнайы тәртіптер қарастырылған.
Сондай-ақ арнайы салық режимдерінің саны қысқарғанымен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация тапсыратын кәсіпкерлер және фермерлер үшін қолайлы жүйелер сақталып отыр.
Бұл өзгерістер бизнес пен жеке тұлғалар үшін әртүрлі талаптар мен жаңа тәртіптерді енгізуі мүмкін.
Қандай нормалар қайта қаралуы ықтимал?
Экономист болашақта қайта қаралуы мүмкін бірнеше бағытты атап өтті.
- Ең алдымен бұл – ҚҚС мәселесі.
Оның айтуынша, 16 пайыздық мөлшерлеме әсіресе шағын және орта бизнес тарапынан сынға ұшырап отыр. Сондықтан қазіргі ставка немесе жеңілдіктер жүйесі қайта қаралуы ықтимал.
Тағы бір маңызды мәселе – арнайы салық режимдері. Кәсіпкерлер бұл жүйелердің есептелу тәртібін икемді ету қажеттігін жиі көтереді. Сарапшының сөзінше, бұл бағыт Президент тапсырмасына сәйкес қарастырылып жатыр.
Сонымен бірге салықтық әкімшілендіру де өтпелі кезеңдегі өзекті тақырыптардың бірі. Мысалы, арнайы режимдерге көшу тәртібі мен кезеңдері қоғам талқысына түскен, сондықтан бұл да өзгеруі мүмкін бағыттардың қатарында.
Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, бұл реформалар бір сәтте жүзеге аспайды. Ресми рәсімдер бірнеше кезеңнен тұрады және әрқайсысы нақты тәртіппен жүзеге асырылады.
Яғни ұсыныстарды әзірлеу, оларды талқылау, заңнамалық деңгейде бекіту және толық енгізу уақытты талап етеді. Сондықтан Салық кодексіне қатысты барлық өзгерістер кезең-кезеңімен іске асады.