Қожанов: Кәсіби музыкант боламын дегендерге ықпал ету – міндетіміз
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде музыкалық мектеп пен колледж шәкірттеріне арналған «Самға» жобасы жүзеге асырылуда.
Мақсат – дарынды балалар үшін шығармашылықпен айналысуға қолайлы жағдай жасау. Дайындық барысында танымал өнер ұжымдарымен кездесіп, ортақ концерттік бағдарламалар әзірлеу.
Жобаны іске асыруға Иса Байзақов атындағы облыстық филармония өкілдері мен музыкалық колледж-мектеп интернатының ұжымы мұрындық болды. Айта кетейік, қазіргі уақытта филармонияда 300-ге жуық музыкант еңбек етеді.
Біздің міндетіміз – балаларды үлкен сахнаға тәрбиелеу, танымал әртістерден тәжірибе алуға мүмкіндік беру. Қазіргі уақытта ондаған жеткіншек шығармашылық ұжымдардың жұмысына араласып, концерттерге дайындалып жатыр. Жобаның жемісі – кәсіби музыкант боламын деген балалардың киелі сахнаға шығып, биіктерден көрінулеріне ықпал жасау. Сонымен қатар кәсіби ұжымдармен бірге жұмыс істеуге көңіл бөлудеміз. Осылайша, шәкірттер мектеп немесе колледж қабырғасындағы білімдерін кеңейтіп, нағыз әртістер сияқты үлкен сахнада өнер көрсете алады, – дейді филармония директоры Амангелді Қожанов.
Осы күнге дейін бірнеше репетиция өткізілген. Жастар аға буын өкілдерімен алғашгқы концерттерін өткізіп үлгерді. Биылғы өнер маусымында тағы 10 концерт ұйымдастырылмақ.