Бүгiн 2026, 14:46 Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Қожаназаров: Жастар саясаттың толыққанды субъектісіне айналуы керек

Respublica партиясының төрағасы жастар саясаты, креативті индустрия, кәсіпкерлік, психологиялық қолдау және цифрлық қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір білдірді.

Respublica партиясының төрағасы, депутат Айдарбек Қожаназаров Мәжілісте өткен кеңейтілген отырыста жастардың қоғамдағы рөлі, кәсіпкерлік, креативті индустрия және цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан реформалар аясында жастардың қоғамдағы орны күшейіп келеді.

2026 жылғы Конституциялық реформа – жай ғана түзетулер жиынтығы емес. Бұл – жастар саясаттың объектісі емес, толыққанды субъектісі ретінде танылатын жаңа қоғамдық келісім, – деді Қожаназаров.

Ол Мәжілістегі жұмыстың негізгі бағыты жастар үшін әлеуметтік лифтілерді қалыптастыру екенін атап өтті. Әрбір жас азаматтың өз әлеуетін іске асырып, ел дамуына үлес қосуына мүмкіндік болуы тиіс екенін айтты.

Сонымен қатар депутат қазіргі жастардың қызығушылықтары мен қажеттіліктері әртүрлі болғандықтан, жастар саясаты да сараланған тәсілге негізделуі қажет екенін жеткізді.

Қожаназаровтың сөзінше, Respublica фракциясы креативті индустрияларды, электронды сауда мен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін жүйелі түрде көтеріп келеді.

Дизайн, музыка, кино, контент өндірісі мен цифрлық өнімдер – экономиканың жаңа драйверлері. Ал электронды сауда мыңдаған жас кәсіпкер еңбек ететін толыққанды бизнес саласына айналды, – деді ол.

Оның айтуынша, фракция шағын және орта бизнесті де тұрақты қолдайды. Себебі өз кәсібін бастаған жастар елдегі жауапкершілігі жоғары орта таптың қалыптасуына ықпал етеді.

Айдарбек Қожаназаров жастар арасында кибералаяқтық пен дропперлік мәселесінің өзектілігіне де тоқталды.

Көп жағдайда жастар өздерінің қылмыстық схемалардың құралына айналып жатқанын аңғармайды. Бұл мәселемен білім беру, алдын алу және тиімді заңнамалық тетіктер арқылы күресу қажет, – деді ол.

Сондай-ақ ол Парламенттің нашақорлыққа қарсы бастамаларының нәтижесінде Президент төрт мыңнан астам адамның тағдырына әсер еткен амнистия туралы заңға қол қойғанын еске салды. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасатынын айтты.

Қожаназаров вейп пен лудоманиядан бөлек, соңғы кезде жастар арасында селфхарм мәселесінің де ушығып бара жатқанын жеткізді.

Бұл – үнсіз таралып жатқан күрделі әлеуметтік мәселе. Психологиялық күйзелісті бастан өткерген жастар өзіне зиян келтіруге дейін барады. Мемлекет мұндай белгілерге дер кезінде назар аударуы тиіс, – деді ол.

Оның пікірінше, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметті күшейту үшін ең алдымен психолог мамандардың еңбекақысын көтеру мәселесін шешу қажет.

Сонымен қатар Respublica партиясының төрағасы еліміздегі 220-ға жуық Жастар ресурстық орталығының жұмысын қайта қарауды ұсынды.

Бұл орталықтар әкімдіктердің қосымша құрылымы емес, жұмыс берушілер мен талантты жастарды байланыстыратын тиімді алаңға айналуы тиіс, – деді Қожаназаров.

Сөз соңында ол жастармен жаңа форматта жұмыс істеудің маңызын атап өтті.

Егер жастар бізді тыңдамаса немесе көрмесе, мәселе жастарда емес – мәселе бізде. Біз жастар бұрыннан өмір сүріп жатқан цифрлық кеңістікте өз орнымызды тауып, олар үшін пайдалы бағдар болуымыз керек, – деп айтты депутат.