Қожамжаров: Мемлекеттік айыптаушы заңды терең меңгеруі тиіс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бас прокуратурада мемлекеттік айыптауды қолдау саласындағы прокуратура органдарының қызметін жетілдіру перспективалары және өзекті мәселелерді талқыланып жэатыр. 

Іс-шараға Президент Әкімшілігінің, Жоғарғы Соттың өкілдері, сондай-ақ өңірлік прокуратуралардың қызметкерлері қатысуда.

Бас Прокурор Қайрат Қожамжаров сот төрелігін жүзеге асыру жүйесіндегі мемлекеттік айыптаушылар институтының ерекше рөлін және прокурорлардың адам тағдырымен байланысты жоғары жауапкершілігін атап өтті.   

Жыл сайын прокурорлар бірінші сатыдағы соттарда 40 мың іс бойынша айыптауды қолдайды.

Жоғарғы Сотпен бірлескен шаралардың нәтижесінде заңсыз үкімдердің күшіне ену фактілері төмендетілді.

Өткен жылы қадағалау актілері бойынша барлығы 1945 адамға қатысты сот шешімдерінің күші жойылып, өзгертілді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 54%-ға артық (1263).

Бас Прокурордың наразылығы негізінде Жоғарғы Сотта 443 тұлғаға қатысты сот актілері түзетілді, соның ішінде 334 сотталған адамдардың жағдайы жақсартылып, 35 адам ақталды.

Қ. Қожамжаров өз сөзінде, прокурорлар сәйкес келуі тиіс стандарттарға назар аударды.

«Мемлекеттік айыптаушы кәсіби білікті болуға міндетті және заңды терең меңгеруі тиіс. Дәлелдемелерді бағалау кезінде жалғыз дұрыс бағытты ұстана білуі керек. Ол жазаның бұлтартпастығының кепілі, ал кінәсізді анықтағанда оның құқығын қорғауы қажет».

Сондықтан прокурорлардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында Бас прокуратура жанындағы Академиясы мемлекеттік айыптаушыларды оқытудың жаңа бағдарламасы мен әдістемесін әзірледі.

Іс-шара аясында сот риторикасы бойынша тренингтер, мемлекеттік айыптаушылардың біліктілігін арттыру және мамандандыру курстары өтті.

Қатысушылар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолданылып жатқан «Заңдылық» ақпараттық жүйесімен жұмыс жасау дағдыларын көрсетті.

Жүйе үкім шығарылғанға дейін қылмыстық жазаны тағайындаудың негізділігін тексеруге, сондай-ақ ұқсас мән-жайлары бар істер бойынша республикалық сот тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік береді.

Кейін прокурорлар Жоғарғы Соттың мониторингтік орталығында болып, «Төрелік» АЖ-сі қызметімен және сот отырыстарында электрондық қылмыстық істі қараудың ерекшеліктерінің тәжірибелік аспектілерімен танысты.

Іс-шараның қорытындысымен Қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жоспар әзірленді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы