Қозғалтқыш істен шыққан. Ақтаудан шыққан ұшақ әуежайға шүғыл оралды

Air Astana әуе компаниясының Ақтау – Алматы бағыты бойынша орындаған рейсі қозғалтқыштағы ақауға байланысты ұшып шыққан әуежайына қайта оралды. Бұл ақпаратты компаниясының баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Салонда жарық сөніп, қорқынышты гуіл естілді, күйік иісі сезілді. Стюардессалар айтарлықтай қобалжып, ары-бері жүгіріп жүрді, бірақ жолаушылар үнсіз отырды, бір-біріне қарап, не болып жатқанын түсінбей жатты, – деп жазды жолаушылардың бірі әлеуметтік желіде.

Оның айтуынша, экипаж командирі қозғалтқыштың істен шыққанын хабарлап, ұшақтың Ақтауға қайта оралатынын айтқан.

Air Astana баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылғы 8 наурызда Ақтау – Алматы бағытындағы KC 868 рейсі ұшып шыққан әуежайына қайтып оралған.

Экипаж №1 қозғалтқыштағы май деңгейінің төмендігі туралы техникалық ескертуге байланысты оны өшіріп, талапқа сәйкес әрекет етті. Ұшақ Ақтауға сәтті қонды. Жолаушылар әуе компаниялар тобының резервтік ұшағымен жеткізілді, – деп хабарлады әуе компаниясы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: pixabay.com
Өзгелердің жаңалығы