Қояндыдағы су қаупі сейілді ме? - әкім мен тұрғындар не дейді?

Қоянды ауылының қазіргі ахуалы қалай? Іргесінен су кірген үйлердің мәселесі қалай шешіліп жатыр?  BAQ.KZ тілшісі мән-жайды ауыл әкімінен сұрап білді.

Қоянды ауылы, Шапағат көшесінде тұрамыз. Ол жердегі жағдай қиын. Үйдің ішінің бәріне су кіріп, қазір ылғал тартып жатыр. Біз фундаменті биік үйде тұрған жоқпыз, себебі үйді сатып алған кезде төмен болатын. Қояндыда 2012 жылдан бері тұрып келемін. Енді баспанамызға су тола берсе құлайтын түрі бар. Бұл жалпы қардың дұрыс тазаланбағанынан болып отырған мәселе. Өйткені халық ауласындағы қарды қыс бойы тазалайды. Біз жанымыз қиналған соң ғана әкімдіктен көмек сұрауға мәжбүрміз. Бұрын қазылған арықтар бар еді, асфальт жол салғалы бері ол да жабылып қалған. Жалпы, биылғы жыл ерекше, - дейді Қоянды ауылының Риза атты тұрғыны.

Тұрғындар елді мекенде қажетті техниканың аздығын атап өтті.

Әкімдік жіберген 4-5 көлік орталықтағы көшенің қарын бірнеше күн шығарды. Кейін тоқтап қалды. Халық ауласындағы қарды шығарайын десе экскаватор таппай отыр. Қазіргі таңда үйлерді әлі су алып жатыр. Осымен 5-ші күн, - деді ауыл тұрғыны.

Қоянды ауылының әкімі Бақытхан Солтанбай мәселені былай түсіндірді.

Биыл ауылымызға қар көп түсті. Күннің кенет тез жылуына байланысты қар тез еріп ахуал қадағалаудан шықты. Әкімшілік өз тарапынан су басуы мүмкін дейтін жерлердің қарын шығарды. Жалпы, ауылымызда 180 шақырым жол және 108 көше бар. Қоянды бас жоспарсыз салынған елді мекен, тек 2018 жылы бас жоспары құрылды. Бұл жерде әртүрлі факторлар бар. Мәселен, кейбір үйлердің фундаменті төмен салынған. Былтыр Қояндыда 16 шақырым жол салынған болатын. Қазіргі таңда сол жол маңайында тұрған фундаменті төмен орналасқан үйлердің іргесінен су кіріп жатыр. Себебі, жол үйден биік тұр. Демек мұнда құрылыс нормалары сақталмаған деген сөз. Ауылымыздағы жағдайды бақылап отырған аудан мен облыс әкімдері Төтенше жағдай қызметкерлерін жұмылдырып, елді мекеннен су сору жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деп түсіндірді ол.

Әкім іргесінен су кіріп кеткен үйлерге қандай көмек беріліп жатқанын айтты. Сонымен бірге ол қыста халыққа арнайы үндеу жария еткенін сөз етті.

Халыққа 10 соттық жердегі жиналған қарды полигонға апарып төгуді сұрадым. 2004 жылы Қоянды ауылында 58 үй болса, қазіргі таңда 5 мыңға жуық үй бар. Ауылдың ішкі жолы – 180 шақырым. Әр тұрғынның ауласындағы қарды шығара беретіндей біздің бюджетіміз жоқ. Сондықтан әрбір тұрғын ауласындағы қарды өзі шығаруы керек дедік, бірақ оны қаперінде ұстаған тұрғын жоқ. Биыл қар шығаруға 55 млн теңге бөлінді. Біздің есептеуімізше бұған кем дегенде жарты млрд қаржы керек. Төтенше жағдай қызметкерлері суды сору жұмыстарын жүргізіп жатыр. Су кірген үйлерге мотопомпа қойылып, техникалар арқылы суды ауылдан тыс жерге шығарып жатырмыз. Біз бөлінген бюджетімізге қарай су басады деген аумақтарға шаралар қабылдап, қарын шығардық. Алайда, қазіргі бюджетіміз аздық етеді. Алдағы уақытта аудандық мәслихат бұл мәселеге бейжай қарамай, бюджетімізді көбейтеді деп үміттенеміз. Жалпы, құтқару жұмыстары жоғары деңгейде. Қорқатындай ешқандай жағдай жоқ, - дейді Бақытхан Солтанбай.

Қоянды әкімі судың бәрі сырттан келіп жатқанын айтады. Сөзінше, Астана іргесіндегі ауыл еңіс аймақта орналасқан. 

Төтенше жағдай қызметкерлері сырт аймақтан келген суды басқа арыққа бұрып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда Қояндыда эвакуацияланған адамдар жоқ. 2023 жылға дейін Қояндыда 13 шақырым ғана асфальт болған еді, сол жылы 16 шақырым жаңа жол төселді. Тас жолдарды жөндеу жұмыстары алдағы уақытта жүргізіледі, бірақ ол құрылыс нормасын дұрыс сақтамаған үйлерге қауіпті екенін ескертемін, - деді Қоянды ауылының әкімі.

Қояндыдан бүгін 150 мың текше метр қар шығарылды.

28 наурыз сағат 16:00 жағдай бойынша 100 мың текше метрге жуық еріген су тартылды. Ақмола облысы мен Астана қаласы ТЖД және ЖАО 35 техникасы, 100-ден астам адам және 41 мотопомпасы жұмылдырылды. Қазіргі таңда жағдай қалыпты, - делінген Төтенше жағдайлар министрлігі берген жауабында.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы