Қоянды ауылы маңында су бұру арнасы салынып жатыр

Бұл шара су тасқынының алдын алу мақсатында қолға алынған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданына жұмыс сапары шеңберінде Қоянды ауылында салынып жатқан айналма су бұру арнасының құрылысы жұмыстарының барысымен танысты. Бұл нысан даладағы еріген қар суының 70 пайызына жуығын Қоянды су қоймасына бұру арқылы көктемгі су тасқыны кезінде елді мекендерді су басу қаупін азайтады.

Облыс әкімінің бастамасымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында елді мекеннің айналасында «QazaqCityStroy» ЖШС су бұру арнасын салып жатыр.

Қазіргі уақытта шамамен 1 км жұмыс орындалды, атап айтқанда геодезиялық жұмыстар, арна құрылысы және топырақ қазу. Оған 20-ға жуық адам және 15 техника жұмылдырылған, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Целиноград ауданында су тасқыны кезеңіне талдау жүргізілді, Соның қорытындысы бойынша су тасқыны қаупі бар 27 елді мекен анықталды. Облыс бойынша барлығы 345 алдын алу іс-шараларын өткізу жоспарланған, оның ішінде Целиноград ауданы бойынша 32 іс-шара: Қорғаныс біліктерін орнату және нығайту, су өткізу құрылғыларын орнату, су өткізу арналарын жайластыру және басқа да шаралар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақмола облысы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы