Қосымша құн салығы кімдерге қосылмайды? – Аймағамбетов мәлімдеме жасады
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қандай салаларға қосымша құн салығы қосылмайтынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қандай салаларға қосымша құн салығы қосылмайтынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты "Неге дәрі-дәрмекке, емделуге, кітаптарға және карталар арасындағы аударымдарға ҚҚС 0% мөлшерлемесі ұсынылды?" деген сауалға жауап берді.
Мен салық кодексіне депутаттар тобы енгізген түзетулер туралы жазған посттан кейін көп сұрақтар түсті. Әсіресе - дәрі-дәрмек, медициналық қызметтер, кітаптар мен картадан картаға аударымдар неге ҚҚС-тан босатылуы керек деген сұрақтар көп болды. Біз қазіргі қолданыстағы нөлдік ҚҚС мөлшерлемесін сақтауымыз керек деп ұсынып отырмыз. Әсіресе ауыр, созылмалы және өмірге қауіп төндіретін аурулар кезінде - онкология, диабет, аутоиммунды және сирек кездесетін көптеген ауруларға қатысты, - дейді Аймағамбетов.
Депутаттың сөзінше, келген салықтың өсуі бағаның өсуіне тең.
Ал дәрі-дәрмек бағасының өсуі – ең әлсіздерге, яғни науқастар мен олардың отбасыларына ауыр соққы. Бұл тек әлеуметтік шара емес - бұл этикалық таңдау. Өмірлік маңызды емнің салық салдарынан қолжетімсіз болуына жол беруге болмайды. Онкологияға қарсы дәрілер немесе сирек ауруларға арналған препараттар онсыз да қымбат. Ал 16% ҚҚС енгізу - бағаның күрт өсуіне әкеледі, - дейді Асхат Қанатұлы.
Кітаптар мен анимация
Кітапқа ҚҚС салу отандық авторлардың өнімін қымбаттатуына әкеледі.
Біз бір жағынан балалардың аз оқитынын айтып, қазақ әдебиетін насихаттауды қажет дейміз, ал екінші жағынан – ҚҚС арқылы оның бағасын өсіріп жатырмыз. Бұл – қисынсыз, - дейді депутат.
Ол қазақстандық авторларды, аудармашыларды, суретшілерді қолдау керегін айтады.
Бұл - әсіресе қазір енді дамып келе жатқан қазақ тіліндегі анимацияға да қатысты. Бұл салаға салық емес, қолдау керек, - дейді Асхат Аймағамбетов.
Қаржылық қызметтер
Көп адам білмейді: бірақ көптеген елдерде қаржылық қызметтерге ҚҚС салынбайды - бұл кездейсоқ емес. Бізде де қазіргі таңда ҚҚС салынбайды.
Егер банктік аударымдарға, карталар мен зейнетақы операцияларына ҚҚС енгізілсе - бұл барлық азаматтар үшін негізгі қызметтерді қымбаттатады.
Мысалы, Халық банктен Kaspi-ге ақша жіберсеңіз - шамамен 200 теңге комиссия төлейсіз. ҚҚС қосылса - үстіне тағы 32 теңге қосылуы мүмкін. Комиссия өседі. Әсіресе жиі аударатындарға ауыр тиеді. Зиян шегетіндер: зейнеткерлер, студенттер, ата-аналар, шағын бизнес. Біз нысаналы, сараланған тәсілді ұсынамыз, - деп жазды Аймағамбетов.
Дәрі-дәрмек сатып алу мен казиноға бәс тігуге бірдей салық салуға болмайды.
Сондықтан біз ұсынып отырмыз:
– букмекерлік кеңселер мен казиноларға салықты көтеру,
– трансмайларға акциз енгізу,
– банктерге салынатын КТС-ті (корпоративтік табыс салығы) көбейту және ірі компаниялар үшін негізсіз жеңілдіктерді алып тастау.
Мәселе “бәрін барлығынан босату” емес. Мәселе - ақылға қонымды, әділетті және теңгерімді салық саясаты жүргізуде. Бұл - Мемлекет басшысының талабы, - деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.
Ол қазір талқылау жүріп жатқанын атап өтті.