Қостанайлықтар 5 жасар Мәдинаны соңғы сапарға шығарып салды
Тағдырына тұтас ел алаңдаған кішкентай Мәдина Ерланқызының жаназасына мыңнан астам адам жиналды, деп хабарлайды Қостанай облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Жоғалып кеткен бүлдіршінді төрт күн бойы іздеу жұмыстары бір сәтте толастамай жүрсе де, шынашақтай Мәдинаны ажалдан ешкім арашалап қала алмады. Бұл суық хабар бүкіл облыс үшін қайғылы оқиға болды. Бір мезетте 1500 адам баланы іздеуге шығып, соңына дейін оның тірі табылатынына сенген үміттері ақталмады. Естіген жанның жанарына жас, көкірегіне өксік тығылды.
Небәрі бес жасында фәниден бақиға аттанған баланың артында етегі жасқа толған ана мен көкірегі қарс айырылған әжесі, бірге туғандары қалды. Аянышты жағдайда көз жұмған Мәдинаның отбасына облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың тапсырмасы бойынша жерлеу рәсімін ұйымдастыруға материалдық көмек көрсетілді. Бүгін, жұма күні кішкентай қыздың жаназасы шығарылып, денесі қара жер қойнына тапсырылды.
Марқұммен қоштасу Аймағанбет қажы Спанұлы атындағы облыстық мешітте өтті. Мәдинаны соңғы сапарға шығарып салуға келген қала тұрғындарының қарасы көп болды.
Бабаларымыз қыз баланы несібе дейді. Несібе Алланың алдында сауабы бар. Ер бала – нығмет. Нығметтің Алланың алдында сұрауы бар. Кішкентай Мәдинамызды бүгін соңғы сапараға шығарып, жаназа намазын оқымақпыз. Қызымыздың әкесі осыдан бір жыл бұрын қайтыс болыпты. Енді екеуі бірігіп артында қалған туған туыстарына шапағатшы болсын. Бұл кішкентай ғана қызымыз өмірден өтсе де, ұлт пен ұлысты біріктіріп кетті, – деді Бахытбек Нұрғабылұлы.
Мәдинаның жаназасы оқылған сәтте көзіне жас алмаған халық қалмады. Бір сәтте төңірек аза тұтып, өкініштің өксігі анық естіліп тұрды. Кішкентай қызбен қоштасуға келгендердің арасында балалар да болды. Осылайша кішкентай Мәдина қыз өмірден өтсе де, барлық ұлттар мен діндерді біріктіріп кетті. Оны біз жаназадан анық аңғардық.